Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Тұрғын үй бағасы күзде арзандайды

AstanaTV
15.07.2021ж. 20:00
2581
Тұрғын үй бағасы күзде арзандайды

Күзде үй арзандайды.  Сарапшылар осылай дейді. Айтуларынша, осы уақытқа дейін бағаның шарықтауына құрылыс материалдарының қымбаттауы және үй алуға ыңғайлы бағдарламалардың көбеюі, соған орай сұраныстың өсуі ықпал еткен. Қазір бұл мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде тұрғын үй нарығы біршама тұрақталады дейді мамандар.  Тақырыпты   Ақбота Базарбай тарқатады.

Елімізде тұрғын үй бағасы жылдан-жылға өсуде. Оның бірнеше себебі бар дейді сарапшылар. Бірінші- құрылыс материалдарының қымбаттауы.

Жыл басынан бері арматура - 100 пайызға, минплита - 53 пайызға, кабель өнімдерінің түрлері - 30 пайызға, керамикалық кірпіштер - 44 пайызға қымбаттаған. Осының салдарынан тұрғын үй бағасы 10-15 пайызға тағы өсті дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің маманы.

Дана АСҚАРБЕКҚЫЗЫ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТІ:
 
Олардың өсуіне түрлі факторлар әсер етті. Ең бастысы ол карантин, және де құрылыс материалдарының бағасының өсуі де осы тұрғын үй бағасының өсуіне әсер етті.

Сарапшылардың айтуынша, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алу мүмкіндігі және   тұрғын үй алуға қолайлы ипотекалық бағдарламалардың көбеюі де бағаның шарықтауына әсер еткен. Бұл бағдарламалардың уәкілетті өкілі болып табылатын банк қызметкерлері де мұны растайды. Зейнетақы жинағын алуға құқылы 720 мың азаматтың 280 мыңы тұрғын үй жағдайын жақсартуға ниет білдірген.

Марина ОРЫНБАЕВА, "ОТБАСЫ БАНК" АҚ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Көптеген адамдар сол ақшаларын алып, үй сатып алып жатыр. Болмаса бірден үйді толық сатып алуға жетпеген жағдайда бастапқы жарнаға пайдаланып жатыр. Енді осы бірыңғай зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалуға мүмкіндік туғандықтан үйге деген сұраныс, несиеге үйді рәсімдеуге деген сұраныс көбейді.

Қазір түрлі мемлекеттік бағдарлама бар. Әрқайсының мүмкіндігі әртүрлі. Әркім өз шамасына қарай соны пайдаланып, баспаналы болуда.  Мамандардың айтуынша, екінің бірі үйді мемлекеттің қолдауымен алады. Сұраныс артқан сайын бағаның көтерілуі заңды дейді. Бірақ баспана құны біртіндеп түсіп келеді.

Мәселен биыл қаңтарда жаңа тұрғын үйдің бағасы 3,8% өссе, қолданыстағы үйдің бағасы 7,2% артқан. Ал маусым айында жаңа үйдің бағасы 0,9%, ал қолданыстағы баспана бағасы 1,2% тең келген.

Олжас САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Осы жылдың басында, яғни, қаңтар мен ақпан айында өскені байқалған, ал қалған 3 айда оның керісінше бәсең-бәсең өскені байқалған. Бірақ, 0,3 пайыздан 1 пайызға дейін өсім болып тұрған бәрі-бір.

Қазір үкімет құрылыс заттарының ақысын арзандатумен айналысып жатыр. Бұл тұрғын үй нарығын біршама тұрақтандырады дейді сарапшылар. Сол болжамға сенсек, қыркүйек айында үй арзандайды.

А. Базарбай