$498.34 €519.72 ₽4.85
×

БҚО шаруалары сот үкімімен келіспейді

AstanaTV
16.07.2021ж. 20:00
3266
БҚО шаруалары сот үкімімен келіспейді

Батыс Қазақстан облысының шаруалары мал ұрлығына қатысты дауға Президенттің араласуын сұрайды.   Үш аудан халқының жылқысы мен сиырын ұрлады деген күдікпен ұсталған ағайынды төрт жігіт пен сыбайласына бүгін 6 жыл мен 7 жыл аралығында   жаза кесілген. Бірақ жәбірленушілер мұнымен келіспейміз деп отыр. Тілшіміз жалғастырады.

Соттың бүгінгі соңғы отырысында айыпталушы орындығы бос тұрды. Сотталушылар үкімді өз камерасында онлайн тыңдады. Судья оларды жасаған қылмысы үшін кінәлі деп тауып, ағайынды төрт жігіт пен сыбайласына 6 жылдан 7 жыл аралығында жаза кесті. Бірақ олардың ешқайсысы өз кінәсін мойындамаған.

Асқар ҒАПУОВ, БҚО АҚЖАЙЫҚ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстаудың уақытының бір күні орташа қауіпсіздіктегі мекемесіндегі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің бір жарым күні есебі мерзімінен есепке жатқызылсын. Сотталған Ешов Берікболат Бисенғалиевичтің, Ешов Болат Бисенғалиевичтің, Ешов Болатбек Бисенғалиевичтің, Ешов Баубек Бисенғалиевичтің және Елеусізов Нұрқат Қайыргелдиевичтің бұлтартпау шаралары өзгеріссіз күзетпен ұстау түрінде қалдырылсын.

Бірақ шаруалар үкіммен келіспейміз дейді.  Айтуларынша, мал ұрлауды кәсіп қылған жігіттер бірнеше жылда бостандыққа шығуы әбден мүмкін.

Орал КЕМЕЛОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Олармен келіспейміз, халық та солай деп жатыр. Аз деп ойлаймыз. Олардың екі жылының күніне күн жарым болып есептеліп, екі жылын алып тастағанда ар жағында 4-5 жылда олар құтылады.  

Құрманғали ТӘЖМҰХАМБЕТОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Осы мафия бар ғой, түгел милиция бәрі осының ішінде жүр. 4-5 жылда, 2-3 жылда шығып кетсе, олар адамға қарайды, мал емес. Қауіпті олар. Ұйым ғой олар. Ұйым болған соң бүкіл құралдың бәрі солардың қолында, машина, техника, мылтық, автомат.

Мүтиғолла БАБАҚҰМАРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:


Президентке шағынамыз. Президенттің құлағына тисін дегіміз келеді. Жаңа айтып жатыр машинасы, нелері қайтарылсын деп. Ал олар неге қайтарылады? Ол деген маңдай терімен тапқаны емес қой.  

Жәбірленушілердің айтуынша, барымташылар ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде қарастырылуы тиіс еді. Сонда берілер жаза да қатаң болар еді дейді.  Шаруаларға нақты қанша шығын келтірілгені де айтылмаған. Өйткені сотқа түскен 48 эпизодтың бірқатары дәлелденбеген. Яғни малының ұрланғанын дәлелдей алмаған шаруалар енді азаматтық сотқа жүгінуге мәжбүр. Екі жыл бойы алыс ауылдан сотқа сабылып, шығындалған жұртшылық соттан түңілгенін айтады. Күйінген олар ендігі үмітіміз Президентте дейді.

Е. Карин