Асыраушысынан айырылған Меруерт 8 ай бойы көрмеген қорлығым жоқ дейді. Оның жолдасы былтыр қараша айында жол апатынан қаза тапқан. Ақмола облысы Атбасар ауданына қарасты Бастау ауылында учаскелік полиция болып қызмет істеген Мәди Қадыров қызмет бабында көз жұмған. "Бірақ жергілікті құзырлы органдар тергеуді шала жүргізіп, күдікті бірден бостандыққа жіберілді" дейді біздің редакциямызға шағымданған келіншек. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Ақбота Базарбай анықтап көрді.
3 баламен жесір қалған Меруерт жолдасы 10 жылдан астам қызмет істеген полиция учаскесінен ешқандай қолдау көрмеді дейді. Керісінше оған жиі қоқан-лоққы көрсетіп, жәбірлегенін айтады. "Ал қайтыс болғаннан кейін мені шақырып, қысым жасады" дейді.
Меруерт ҚАДЫРОВА, МАРҚҰМНЫҢ ЖҰБАЙЫ:
РУВД-ның отдел кадр бастығы Саликов Әділбек Даниярович мені шақырып алып, видеоға түсіріп, істемегендері жоқ. Сенің жолдасың күндіз сол күні мас болған, әріптестер бәрі көрген. Және ол кісі маған ақша предлогать етіп, осы істі жылы жауып қояйық, осы ақшаны ал. Және жүк көлігінде болған 8 тонна тауарды сен рақмет айт мойныңа салып қоймағанына, осылай іс жабылғанына сен қуан деп айтты маған.
Сараптамалық зерттеу нәтижесінде қаза тапқан Мәдидің қанында этиль спирті анықталмаған. Сол түні ол қызмет көлігінің орнына, өзінің жеке көлігімен шақыртуға кетіпті. Себебі жұмыс орнынан берген көліктің қысқы дөңгелегі болмай, жөндеуде тұрған. Ауылға 500 метр қалған жерде инспекторды 31 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі келіп соққан. Алайда құзырлы органдағылар марқұм қызмет бабымен қаза таппады деп отыр. Оқиғаға дәлелді айғақ болатын марқұмның жеке заттарын жұбайына бермеген.
Меруерт ҚАДЫРОВА, МАРҚҰМНЫҢ ЖҰБАЙЫ:
Жолдасымның соткасын көрген емеспін, маған көрсеткен де жоқ. Формасын 5 айдан кейін түсіме кіре бергесін, іздеп-іздеп моргтан таптым.
Бұл бейнекөрініс Мәдидің жол апаты кезінде қызметтік формада болғанына дәлел дейді Меруерт. Бірақ мұның тергеуде ескерілмей отырғанына олар түсінбейді. Марқұмның әкесі тергеу ісіне күдікпен қарайтынын айтты. Оның айтуынша құзырлылар кінәліні ақтап алып жатыр. Олар тіпті оқиға болғаннан кейін дәлелдерді суытуға тырысты дейді.
Қайреш ҚАДЫРОВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
Ташетов айтады түсініктемесінде мен 102ға звондадым дейді. Ал 102ге ол тіркелмеген. Какойто Дуткина 2 жарым ба, 3 те ме хабарласады. Содан бұлар тойға барғандай сағат 6да бірақ барады. Барлығы бірге скорыйы бар, пожарныйы бар барлығы бірге барады. Бұлар алдын ала білген значит соғылғанын бәрін, әдейі уақыт өткізген.
Полиция қызметкерлері қаза табушының әйелімен бірде-бір рет оқиға бойынша тілдеспепті, оның орнына ескертусіз 11 жасар қызына қоңырау шалып, сұрақтар қойған. Бұл әрекет баланың жүйкесіне ауыр тиді, онымен қоса тергеу тек бір жақты жүріп жатыр. Жол апаты болған жердегі фотосурет пен сызба бір-біріне сай келмейді дейді жәбірленуші тарап. Ал Ақмола облыстық полиция департаментінің бұл оқиғаға қатысты былай дейді:
АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Қызметтік тергеу нәтижелері бойынша М.К. Қадыровтың өлімі қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, қызметтен тыс уақытта болғаны анықталды. Қандай да бір шақыру туралы мәліметтер расталмады.Сот-медициналық сараптама нәтижелеріне сәйкес М.К. Қадыровтың қанында алкоголь табылған жоқ.
Марқұмның жұбайы тергеудің кейбір нәтижелерімен мүлдем келіспейді. Оның айтуынша Ақмола облыстық полиция басшылығы істі бұрмалап, күдіктіні ақтап алып, барлық кінәні жолдасына жабуда.
Меруерт ҚАДЫРОВА, МАРҚҰМНЫҢ ЖҰБАЙЫ:
РУВД-ның басшысы жолдасымды шақырып алып, айтады, басқа районға ауысқың келмесе, жұмыстан шыққың келмесе биыл 1 жылқы маған әкеп бересің соғымдыққа дейді. Жолдасым не істерін білмей, КМВ банктен барып, 600 мың кредит алады. Сол күні қалтасында 600 мың ақша болған. Ақшасы да жоқ, ештеңесі де жоқ.
Әділдік іздеп Елордаға келген марқұмның жақындары Президентке хат жолдапты. Жол апатынан кейін көлік жүргізу құқығы да шектелмеген күдікті тиісті жазасын алса дейді. Әділдік орнаса дейді.
А. Базарбай