Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Pfizer бірінші кезекте 12 жастан асқан балаларға салынады

AstanaTV
23.07.2021ж. 20:00
2434
Pfizer бірінші кезекте 12 жастан асқан балаларға салынады

Апта басында Президент вакцинаның дұрыс сақталмағанын айтып, үкіметке біраз шүйлігіп еді.  Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бұған қатысты өз уәжін айтты. Сөзінше, препараттың бұзылу дерегі тіркелмеген. Тұрғындарға  жарамсыз  екпе салынбады, деп ақталды. Дегенмен, егу пункттерінде заң бұзушылықтардың бар екенін   растады.

Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР ДСМ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бізде егу пункттерін қадағалайтын арнайы топтар бар. Олар ақпаннан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатыр. Елде осындай 200 орын бар және ашылар алдында тексерілген. Нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталды. Бұл фактілер препараттың қауіпсіздігіне қатысы жоқ. Көбісі вакциналауды ұйымдастыру сияқты жұмыстармен байланысты.

Вакцина алғандар ауырмауына кепілдік жоқ деп министрлік әуел баста мәселенің басын ашып алған еді. Айтса айтқандай-ақ 5 мыңға таяу адам екпеден соң вирус жұқтырған. Оның дені-ресейдің препаратын салдырғандар. Енді жыр болған Америка ғалымдары әзірлеген Pfizer-дің жайына тоқталсақ. Елге 2 миллион доза әкеліну керек еді. Бірақ тасымалдау жұмыстары сағызша созылып кетті.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Вакцинаны жеткізу келісімі құпия. Оның кешігуіне әртүрлі факторлар әсер етіп отыр. Осыған байланысты келіссөздер жүріп жатыр. Біз процесті жылдамдатуға және вакцинаны уақытында жеткізуге тырысамыз.

Алексей Цой Pfizer бірінші кезекте 12 жастан асқан балаларға салынатынын   айтты. Ол тек ата-аналардың рұқсатымен жүзеге асырылады.  Айта кетейік, жыл басынан бері 34 мың бала коронавирус жұқтырған. Соңғы уақытта балалар аурушаңдығы 4-5 есеге көбейген.  Ал 2 бүлдіршін қауіпті кеселден көз жұмған. Бұдан бөлек, елде эпид ахуал күрт нашарлады. 15 аймақ өңір "қызыл" аймақта, тек 2 облыс "сары" белдеуде қалып отыр. Бүгін сырқаттанудың жаңа антирекорды тіркелді. Өткен тәулікте 6 мыңнан аса адам COVID-19-ға шалдыққан.  

А. Данияр