$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Тілді үйренемін деушілерге мүмкіндік жасалды

AstanaTV
18.04.2016ж. 20:00
2575
Тілді үйренемін деушілерге мүмкіндік жасалды

«Мен қазақша сөйлеймін». Бұл Алматыдағы «Басқосу» клубы мүшелерінің басты ұраны. Құрылғанына бір жарым жылға жуықтаған еріктілер орталығы қазақ тілін үйренемін деп ниет білдіргендерге қол  ұшын созып келеді. Бастапқыда аптасына он адамның басын құраған клубтың бүгінде қырық адамды қабылдауға қауқары бар. Мұндағы сабақ кәсіби оқулықтармен жүргізілмейді. Тек күнделікті қолданыстағы ауызекі сөздерді меңгеруге мүмкіндік береді.

Қаржыгер Екатерина Раскидная жұмысы аяқталысымен «Басқосуға» асығады. Бүгінде солай. Оған мемлекеттік тіл тек жұмыс барысында қажет болған еді. Клубқа келгелі әуелгі ойы өзгерген. Қазір қазақ тілін ерекше дәріптеген әйел отбасында ауызекі сөйлеуге көшкен.

Екатерина Раскидная, «Басқосу» клубының мүшесі:

Бүгінгі 8-ші сабақта мен 40 жаңа сөз үйрендім. Мысалы, қаржы-финанс, қызық-интересный. Менің  қызым өте мақтанады.

Қазақ тілін үйрететін клубты Бақытжан Бұхарбай есімді азамат ерікті түрде қолға алған. Бұл игі іске оның  жақын достары да қол ұшын созды. Клуб қандай да бір пайда табуды басты мақсат етпейді. Оған аптасына бір рет өтетін тегін басқосулар дәлел. Қазақ тілінің болашағына бейжай қарамайтын ұлтжанды алматылықтар сабақ өтетін орындарды бірнеше  сағатқа тегін ұсынады екен.

Бақытжан Мұхамедияұлы, «Басқосу» клубы ұйымдастырушыларының бірі:

Қазақ тілді ортада өмір сүреміз. Тек көп адамдардан біздің байқағанымыз, тәжірибемізге сүйенсек, көп адамдар біледі, бірақ сөйлеуге ұялады. Акценті бар, дұрыс сөйлей алмайды. Немесе мына жалғауларды дұрыс қоя алмайды. Біздің мақсатымыз - адамдардың білетін нәрсесін сөйлетіп, білетін нәрсесін айтқызу.

Мұнда жас та, жасамыс та бар. Әсіресе 17 мен 40 жас аралығындағы тұрғындар - қазақ тілін үйрену сабағының тұрақты келушілері. Бүгінгі тақырып - күнделікті қолданыстағы сауда-саттық болды. 

- Менім өлшемін бар ма? - Жоқ, менің өлшемім бар ма?

Құндыз Әбішева, «Басқосу» клубының мүшесі:

Мен ойлаймын, 20 пайыз жоғарылаттым қазақ тілінен, бұрын мен қазақша өте нашар сөйледім. Жұмыстан келісімшартты қазақ тілінен аудару керек, орыс тілінен google translate онша аудара алмайды. Сөздік кітаптарды көбейтсе, жақсылап үйренеміз қазақ тілінен.

Айгүл Ермахан, тілші:

Қазақ тілін үйренушілердің саны бүгін 40 адамды құрап отыр. Мұнда сабақтар кәдімгі дәстүрлі оқулықтармен емес, барлығы күнделікті тұрмыста пайдаланатын сөздерді қолдану арқылы жүргізіледі. Сондықтан келушілердің  қазақ тілін емін-еркін меңгеруіне мүмкіндік мол. Солай емеспе? - Дұрыс айтасыз.

Бір жарым жыл ішінде «Басқосу» клубында 40 шақты кездесу өтіп, екі жүздей адамның қазақ тілінде сөйлеуіне көмектесті. Ал тіл үйренем деушілерге клубтың есігі әрдайым ашық. Ана тілін меңгеруге құлшынысыңыз артса, қажетті ақпаратты  facebook әлеуметтік желісіндегі «Басқосу» арнайы парақшасынан да алуға болады. 


Айгүл ЕРМАХАН