$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қажылар Мәдина қаласына келіп жетті

AstanaTV
25.08.2017ж. 20:00
2850
Қажылар Мәдина қаласына келіп жетті

Қажылықтың негізгі амалдары зул-хижжа айының сегізінші күні, яғни 30 тамызда басталады. Мәдина қаласына аялдаған қазақстандық қажылар Пайғамбар мешітінде намаз оқып, Алланың елшісіне сәлем беру мүмкіндігін алады. Қажылық парызын өтеуге кеткен топпен тілшіміз Ришат Асқарбекұлы да аттанған болатын.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Мұхаммед Пайғамбар жерленген Нұрлы Мәдина мешітін зиярат етіп, Алла елшісіне сәлем беру - үлкен мәртебе. Мұнда жамағатпен оқылғын намаздың сауабы да мың есе артық. Сондықтан Мәдинадағы қонақ үйлерге тоқтаған қажылар уақытының басым бөлігін осы қасиетті мешітте өткізуге тырысады. Қажылықтың негізгі амалдары зул-хижжа айының 8-ші күні басталады. Ол біздің күнтізбемен 30 тамызға түседі. Қажыларға бүгінгі жұма намазын Пайғамбар мешітінде оқып, дұға жасап, құлшылық ету бұйырды.

Жылдағыдай биыл да Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған қажылық миссиясына үлкен жауапкершілік артылып отыр. Оның құрамында 13 адам бар. Дін өкілдері қажылар арасында басқа ағымның идеяларын насихаттайтын топтарды анықтап, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге де мән беріп отыр.

Бейбіт Мырзагелдиев, қажылық миссияның жетекшісі:

Қазіргі біздің Мәдинаға жайғасқан қажыларымыздың миссиясы бірінші күннен бастап ақуалдарын сұраумен, олардың жатқан қонақ үйлермен танысып және көкейкесті сұрақтарға жауап берумен айналысып жатыр. Биылғы бір ерекшелік - бір қонақ үйге бірнеше компанияның қажылары орналасып отыр.

Биыл барлығы 2 500 отандасымыз қажылық рәсімдерін орындауға келеді. Соңғы әуе рейсі елімізден ертең Жидда қаласына ұшады. Қажылық шарттарды орындау үшін 17 отандық туристік фирма қызмет етіп жатыр. Мұсылманның бес парызының бірін өтеуге  келген жерлестеріміздің алдыңғы легі бүгіннен бастап Меккеге арнайы автобустармен жеткізіледі. 5 күннен кейін Минада қажылық амалдарды орындау басталмақ.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ