Адамнан айла асқан ба! Алматылық көлік жүргізушілері ақылы автотұрақтарға ақша төлемес үшін мемлекеттік нөмірлерін шешіп алды. Бұл келеңсіздікпен күресуге Алматы Паркинг мамандарының құзыры жетпейді. Олар тек Ішкі істер департаментінің бірыңғай колл орталықтарына ғана хабарлауға мәжбүр. Айласын асырғандарға қандай шара, жаза қолданылады? Олжас Нұржақып анықтады.
Олжас Нұржақып, тілші:
Қазіргі уақытта Алматы қаласында 8000 ақылы автокөлік тұрағы бар. Әр 15-30 минут сайын паркинг инспекторлары өзіне тиесілі тұрақты бақылап, күніне 600-ге жуық фототіркеу жұмыстарын жүргізеді. Бірақ, мегополистің кей жүргізушілері ақша төлемес үшін айлаға басқан.
Осылайша, жүргізушілер тұраққа көлігін тоқтатқанда мемлекеттік нөмірлерін шешіп тастайды. Ақылы орынға ақша төлемес үшін, осындай амалға көшкен. Алматы паркинг мамандары бұл келеңсіздікпен күресуге құзырымыз жетпейді. Тек нөмірсіз фотоға түсіріп, ішкі істер департаментіне хабарлауға мәжбүрміз дейді.
Роман Налепов, Алматы Паркинг компаниясының техникалық директоры:
Өкінішке орай, мұндай келеңсіздіктер күнделікті кездеседі. Бұл, жалпы тұраққа тоқтайтын көліктердің 1-3 пайызын құрайды. Бір инспектор күнделікті 600-ге жуық фототіркеу жасайды. Ереже бұзағандарын өз орталығымыз ішкі істер департаментінің бірыңғай 102 нөміріндегі колл орталығына хабарлайды. Ары қарайғы шара әкімшілік полиция қызметкерлерінен тағайындалмақ. Біз ереже бұзушыларды жазалай алмаймыз.
Ал ішкі істер департаментінің өкілдері тұрақтағы нөмірсіз көлікке шара қолдана алмайтындарын айтады. Ақылы тұрақ ережесін бұзғаны үшін оларға тек айыппұл салынады.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
Тұрақ ережесін бұзған азаматтарға, яғни автокөлік тұрағы ережесін бұзған азаматтарға Әкімшілік кодекстің 597-ші бабының нормалары бойынша шара қолданылады. Бұл 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен айыппұл көзделген. Егер қайталанса, онда айыппұл мөлшері едәуір өседі.
Бүгінде
ақылы тұрақтарда 40 инспектор жұмыс істейді. Алдағы күндері қала көшелерінде осы
жүйені арттыру жоспарланған. Ал ақша төлеуге ынтасыз жүргізушілермен күресу
үшін 40 эвакуатор сатып алу жоспарланған.
Олжас НҰРЖАҚЫП