Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Батысқазақстандықтар Маңғыстау халқына көмек көрсетті

AstanaTV
06.08.2021ж. 20:00
1826
Батысқазақстандықтар Маңғыстау халқына көмек көрсетті

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қуаңшылықтың кесірінен төрт түлік малына жем-шөп таппай тарыққан Маңғыстау халқына батысқазақстандықтар да қол ұшын созды. Қуаңшылықтың зардабын тартқан өңірге қажетті мал азығы жиналып жатыр. Ол вагондарға тиеліп, Маңғыстауға жөнелтіледі. «Батыстағы бауырларымыз қиналғанда, жанымыз шырқырап, Алатауда арқаны кеңге салып жата алмадық», - деген еріктілерге оралдықтар осылай үн қосты. Бұл игі іске жергілікті кәсіпкерлер мен жеке мекемелер атсалысып, бірі техникасын беріп, енді бірі қаржылай көмек көрсетуде. Сонымен қатар қысқа жиған қорымен бөлісіп, бірнеше тіркеме шөпті тегін берген қожалықтар да бар.

Мұратбек СОЛТАНБАЙ, ЕРІКТІ:


Кішкене болса да, теңізге тамған тамшыдай үлесімізді қосайық дедік. Бірақ та қазір Аллаға шүкір, бүкіл халықтың жүрегі оянып, алты алаштың басы қосылып, өте жақсы болып жатыр. Батыс Қазақстан облысынан біз Алла бұйыртса, жүзден астам вагон жіберейік деген мақсатымыз бар. оның ішінде қазір бүгін он екісін міне тиеп жатыр.

Ел болып жұмылған игі істен жасотандықтардың жігерлі жігіттері де тыс қалған жоқ. Білек сыбанған жастар бума-бума шөпті трактормен вагонға тиеп жатыр. Бұл іс әлі жалғасады, дейді жасотандықтар.

Нұрғали ЖОЛДАСҚАЛИЕВ, «JAS OTAN» ЖҚ БҚОФ ЖЕТЕКШІСІ:

Осы Орал қаласындағы барлық жастар ұйымдарының өкілдеріне хабарласқан уақытта барлығы да бір кісідей жұмылып келіп жатыр. Бұл жұмысты ары қарай да жалғастырғымыз келеді. Біздің осы қаламызда уақыты бар, қолы бос, мүмкіндігі бар жігіттер болса, солар келіп, олар да өзінің қол ұшын созып, себебі қолдың күші ешқашан артық етпейді. Ол ортақ жұмыс. Шынында да осындайда қазақтың бірлігі көрінуі керек деген ойдамыз.

Е. Карин