Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / "Pfizer-ге" дәмеленудің қажеті жоқ,- А.Цой

"Pfizer-ге" дәмеленудің қажеті жоқ,- А.Цой

Америка ғалымдарының коронавирусқа қарсы әзірлеген "Pfizer" вакцинасы Қазақстанға қазан айында жеткізіледі. Бұл туралы елдің бас дәрігері айтты. Десе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған бұл екпе, барлық азаматқа қолжетімді болмайды. Тек 12 жастан асқан балалар мен жүкті әйелдерге ғана салынбақ.  Алексей Цой осы препаратты асыға күткендерге вакцинадан дәмеленудің қажеті жоқ деп кесіп айтты.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұл вакцинаны күтудің түкке де қажеті жоқ. Сондықтан екпе пункттеріне барып қолжетімді екпені салдырғандарыңыз жөн болар. Қытай Халық Республикасынан тағы бір вакцина келеді, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен. Болмаса соны күтіп, ектіріңіздер.

Елде вакциналау қарқыны әлі де төмен. Министрлік екпенің қоры жеткілікті, дейді. Сонымен бірге, бүгін елге қытайлық Sinopharm компаниясының "Vero Cell" препаратының алғашқы партиясы жеткізілді. Алдағы уақытта тағы 3 миллион дозасы әкелу жоспарда бар. Алексей Цой, халық арасында көптен бері айтылып жүрген ревакцинация мәселесіне де тоқталды. Ол үшінші рет вакцина салдыру науқаны қашан жүретінін нақтылады.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:


Адамдардың басым бөлігі маусым-шілде кезеңінде екпе алды. Осы орайда олардың ағзасындағы антиденелер әлі де бар, оның деңгейі де жоғары. Сондықтан екінші дозаны алғаннан соң шамамен 9 айдан кейін күнтізбеге енгізіледі.

Статистикаға сүйенсек, COVID-19-ға қарсы екпенің 1-компонентін 6 миллионға таяу, 2-компонентін 4 жарым миллион қазақстандық салдырған. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша халыққа қызмет көрсететін мекеме қызметкерлері вакцинаның алғашқы дозасын бүгін салдырып бітуі шарт. Иммундауды аяқтауға 1 қыркүйекке дейін уақыт берілген. Айта кету керек, министрлік осы іске қатысты тексеру жүргізеді. Екпе алмағандарға апта сайын ПТР сынамасын тапсыру міндеттелген. Жалпы, талаптың ешқайсысы орындалмаса белгіленген көлемде айыппұл төлейтінін де ескертті.

А. Данияр