Елордада бүгін балаларды жаңа оқу жылына дайындау, оның ішінде әлеуметтік осал санаттағыларын қолдау бойынша іс-шаралар басталды. Жалпыға бірдей оқыту қоры шеңберінде мектеп киімін, аяқ киімді, мектепке қажетті жазу-сызу құралдарын сатып алу көзделген. Жоба қазан айының аяғына дейін жалғаспақ. Қағидаларға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, көмек көрсету Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұсынған өнім берушілер арқылы жүргізіледі. Былтыр әкімдік тарапынан берілген қаражат бір балаға 40 мың теңгені құраған. Соның арқасында 13 мыңнан астам бала атаулы көмектің шапағатын көрген. Ал биыл 15 мыңға жуық оқушыға жәрдемдеспекші.
Гүлжан СЫРЛЫБАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:
Жылда әр балаға 40 мың тенге сертификат беріледі. Мінекей, балаларыма осы жерден киім аламын. Киімдері өте сапалы. Биыл балам бірінші классқа келеді. Барлық керек киімнің барлығы бар. Өте сапалы киімдер. Бізге ұнап жатыр.
Оған қоса жоба жаңа механизм арқылы іске асырылмақ. Яғни, әр балаға тиесілі жеке нөмірі бар арнайы карталар пайдаланылатын болады. Бұл ашық түрде қаражаттың балаларға жұмсалуын қамтамасыз етеді. Іс-шараға биыл 18 компания және 30 сауда нүктесі белсенді атсалыспақ. «Жалпыға бірдей оқыту» логотипімен белгіленген сауда нүктелерінің мекен-жайлары арнайы жадынамада көрсетіледі. Аталған көмекті алу үшін ата-аналар бала оқитын мектепке өтініш беруі қажет. Өтінішті мектептің алқалы органы 15 күн ішінде қарайды.
Мадина СҮЛЕЙМЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бұл көмекті 5 санат бойынша - мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорынсыз қалған, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан, білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленуші балалар ала алады.
Сондай-ақ, бұдан бөлек мұқтаж балаларға және мектепке бармайтын балаларды анықтауға бағытталған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы да іске асырылуда. Ол үшін «Менің Атамекенім» порталының «Мектепке жол» парақшасында өтінім қалдырса болады. Әкімшілік акция аясында жыл басынан бері 7000-ға жуық балаға көмектесуді жоспарлап отыр. Соның 3 648-іне көмек көрсеткен. Қалғандарына керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары түрінде көмек көрсетілмек.
А. Базарбай