Елордада коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 1 ақпаннан бері 372 мыңнан аса қала тұрғыны екпенің алғашқы компонентін салдырған. Иммундау курсын 290 мыңнан аса адам аяқтапты. Қазіргі таңда егу пункттеріне келетіндердің де қарасы артқан.
Нұр-Сұлтандағы балабақшалардың бірінде жұмыс істейтін Сандуғаш Кажиахметова бүгін екпенің екінші компонентін салдырды. Денсаулығына ешқандай шағымы жоқ. Ол, қоғаммен байланыста болатын адамдардың бәрі екпе салдыру керек деп есептейді.
Сандуғаш КАЖИАХМЕТОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Вакцинаны өз еркіммен келіп алып жатырмын. Өйткені, өз өмірімнің қауіпсіздігі керек біріншіден, денсаулық керек. Жан-жақты ата-аналармен, балалармен қарым-қатынаста болғандықтан вакцина алу қажет деп ойлаймын. Бұндай індет енді күннен-күнге өршіп жатыр ғой. Керісінше, азайатын түрі жоқ.
Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің сөзінше, қазір екпе алушылар саны өткен айларға қарағанда әжептәуір көбейген. Мәселен, мамыр-сәуір айлаларында тәулігіне 2000-ға дейін адам вакцина салдырса, қазір бұл көрсеткіш 5000-ға жетіпті. Жалпы, қала бойынша 100-ге жуық егу пункттері жұмыс істеп тұр.
Ақтоты ЕЛТИЗАРОВА, НҰР-СҰЛТАН қ. АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Қазір бізде сауда ойын-сауық орталықтарында, сауда үйлерінде және де медициналық мекемелерде "Sputnik V", "QazVac" бар. Вакцина алған тұрғындарды ынталандыру үшін көптеген ұтыстар, ойындар болып жатыр қала бойынша. Мысалға алатын болсақ екпе алған тұрғындарға автомобиль ойнатылып жатыр.
Айта кету керек, қала әкімі екпе алғандарды ынталандыру үшін 2 бөлмелі пәтер ұтысқа қойған. Оған 18 жастан асқа кез келген азамат қатыса алады. Шараның қорытындысы қыркүйекте белгілі болады.
А. Данияр