Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Халық санағы кезінде қойылатын 91 сұраққа жауап беруге дайынсыз ба?

AstanaTV
24.08.2021ж. 20:00
1924
Халық санағы кезінде қойылатын 91 сұраққа жауап беруге дайынсыз ба?

Алексей Цойдан жаңа болжам. Қит етсе сценарийі дайын тұратын денсаулық сақтау министрінің бұл жолғы ойы да вакциналау науқанына негізделген. Айтуынша, елде эпидемиологиялық ахуалдың біртіндеп тұрақталып келеді. Соңғы екі аптада сырқаттанушылық 10 пайызға төмендепті. Өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың жаңа 5 жарым мың жағдайы тіркелген. Көш басында Алматы қаласы.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Пессимистік сценарий бойынша қыркүйекте бір тәулікте орташа есеппен 6300 жағдайға дейін, қазанда - 2400-ге дейін жетеді. Реалистік сценарий бойынша қыркүйекте күніне 5300 жағдай, ал қазанда 1800 жұқтыру дерегі тіркелуі мүмкін. Оптимистік сценарий бойынша қыркүйекте тәулігіне 4200-ге дейін, ал қазанда 1300-ге дейін азаяды.

COVID-19-ға қарсы екпенің бірінші дозасын салдырғандар саны 6 жарым миллионға жуықтады. Ал, екпенің қос бірдей компонентін алып, вакциналау курсын 5 миллионнан аса тұрғын аяқтаған. Бұл препаратты салғызуы керек жандардың 50 пайызын құрайды.

Айта кету керек, Денсаулық сақтау министрі Үкіметке берген жоспарына сәйкес, күзге дейін 10 миллион адамға вакцина салдыруы тиіс еді. Ал, қыркүйекке санаулы ғана күн қалды. Десе де, бұл көрсеткішке Асқар Маминнің көңілі толса керек, ол демалыс күндері карантинді жеңілдетуді тапсырды.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Ведомствоаралық комиссия эпидемиологиялық жағдай тұрақталып жатқан өңірлердегі "Ashyq" жүйесіне қатысатын бизнес субъектілері үшін демалыс күнгі шектеу шараларын жеңілдету мәселесін қарастыруды тапсырамын.


Коронавирустың күші біраз нәрсені шектеуге қауқарлы екеніне көзіміз жетті. Былтырға жоспарланған халық санағы биылға қалдырылды. Қазір де жағдайдың оңып тұрғаны шамалы. Бірақ ахуал қиындығына қарамастан халық санағы биыл өтетін болды. Екі тәсілмен: онлайн, оффлайн. Үйлерді аралайтын қызметкерлерде вакцина болу міндетті. Тұрғындар 4 санақ формасымен бөлінді. Қатысушылардың әрқайсысы 91 сұраққа жауап беруі керек.

Нұрболат АЙДАПКЕЛОВ, ҚР СЖРА ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:


Санақ парақтарына халықтың көші-қоны, тіршілік қабілетін шектеу, пандемияның табыс деңгейіне әсері, коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық және халықты вакцинациялау туралы жаңа сұрақтар енгізілді.

Сұрақтардың мазмұны мен санын естіген тұрғандар жағасын ұстады.

БЛИЦ:

- Артық сұрақтар бұлар.

- 91 сұраққа ма? Сол халық санағында иә? Керегі жоқ сияқты, уақытты алады ғой.

- Оның бәрі түгел қажет деп ойламаймын. Оның ішінде қажет емес сұрақтарда бар шығар мүмкін.


Қазақстандағы халық санағы қыркүйектің бірінен басталып, қазанның отызына дейін жалғасады. Еске сала кетейін, ұлттық науқанға бюджеттен 9,1 миллиард теңге бөлінген. Оның 3.5 миллиарды игеріліпті.

А. Данияр