$494.87 €520.65 ₽4.91
×

ЭКСКЛЮЗИВ: Қызылорда облысында соңғы 4 жылда 4 миллион тонна мұнай тартылып қалған

AstanaTV
24.08.2017ж. 20:00
4332
ЭКСКЛЮЗИВ: Қызылорда облысында соңғы 4 жылда 4 миллион тонна мұнай тартылып қалған

Қызылорда облысында мұнай таусылып жатыр. Соңғы 4 жылда 4 миллион тонна "қара алтын" тартылып қалған. Өйткені кен орындары суланып кеткен. Бір ғана Құмкөл кен орнында 97 пайызға суланған ұңғымалар бар. «Астана» арнасына эксклюзивті сұхбат берген облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким осылай деді. 

Мұнай өндірісінің азаюынан аймақ қиындықтар көріп отыр. Барлық кен орындары мұнайды 4-ші деңгейде өңдеп жатыр. Яғни мұнайды өндіру қиын, өйткені сарқылған.

Евгений Ким, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

Біз Үкімет басшылығына тез арада кен орындарын барлау туралы бастама көтердік. Жер қойнауынан мұнай іздеу үшін қазір біз қазып жатқан тереңдікте ғана емес, одан да терең бойлауды ұсындық. Бізде газдың да үлкен қоры бар. Бірақ қазір олар жеткілікті деңгейде барланып, қолданылып жатқан жоқ. Біз газды өндіріп қана қоймай, өңдеуді ұсынып отырмыз. Бұл болашақта мұнайдың орнын толтырады, әрі өндіріс көлемі де ұлғаяды. 

Егер бұл жобалар мақұлданатын болса, оны қолға алуға дайын инвесторлар да бар көрінеді. Аймақ жаңа қор көзін де іске қосуға кіріскен. Осылайша, 2020 жылға қарай мұнайға "тәуелділіктен" арылмақ. Ол үшін үш ірі экологиялық жоба кіретін тау-кен металлургиялық кластерінің арнайы картасы жасалған. Кен орындарының сулануы Маңғыстау облысында да анықталып отыр. Жыл басынан бері «ӨзенМұнайГаз», "ҚарақұдықМұнай" мен "Бузачи" кен орындарындағы өндіріс 30-40 пайызға қысқарған. Бірақ билік "қара алтын" қорына үміт артып отыр. Жыл соңында өндірісті 100 пайызға жеткізбек. Ал ұғымаларды суланудан қорғау үшін, Қытай инвесторларымен жаңа технологиялар енгізу келіссөзін бастап кеткен.

Нұрбек Қарасаев, Маңғыстау облыстық әкімдігі индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

Алынатын қор деген түсінік бар. Яғни біз жер қойнауында жатқан мұнайдың 30 пайызын аламыз. Қазақстан қазір қара алтынның 30 пайызын осылай алады. Сондықтан бұл алынатын мұнай қорын көбейтудегі болашағы бар бағыт. Біз жыл соңында өндірісті «МаңғыстауМұнайГаз» есебінен 101 пайызға жеткіземіз деп отырмыз, «ӨзенМұнайГаз» тамыздан бастап көрсеткіштерін ұлғайтуы керек.