Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылорда облысында «Арал тұз» зауытының мыңға жуық қызметкері жұмысқа шықпады

AstanaTV
03.09.2021ж. 20:00
3519
Қызылорда облысында «Арал тұз» зауытының мыңға жуық  қызметкері жұмысқа шықпады

Қызылорда облысында «Арал тұз» зауытының мыңға жуық  қызметкері жұмысқа шықпай қойды.  Ас тұзын өндірушілер "жалақымыз аз, еңбегімізге татымайды" дейді.  Ал басшылық мәселенің бұлай шешілмейтінін айтады. Өндіріс тоқтаса табыс азаяды. Бұл,  жағдайды онан сайын қиындатуы мүмкін. Өңірден-Мөлдір Тоқтасынқызы.

«Шыдамымыз шегіне жетті» деген жұмысшылардың ашуы қатты.  Үш күн зауыттың есігінің алдына түнеген.  Айтуларынша, олар азаннан қара кешке дейін қап көтеріп, тікесінен тік тұрып жұмыс істейді.  "Ақ шаң жұтып, өндіріс орнының отымен кіріп, күлімен шығамыз" дейді. Бірақ жалақы мардымсыз деп  налиды.

Жалғасхан СҮЙІНДІКОВ, ДӘНЕКЕРЛЕУШІ:

Біздің окладымыз 55 мың. Оған экологиялық төлем қосамыз. Сыйақысы, тағы-тағысымен 80 мыңға барады. Айлықты көтеріп, 100 процент оклад қылсын. Болды, басқа талабымыз жоқ. 13 айлық сұрап отырған жоқпыз. За вредность сұрап отырған жоқпыз.

Жиналғандардың айтуынша, өндіріс орнында жұмысшыларға жайлы жағдай жасалмаған.  Арнайы киіммен қамтамасыз етпек түгілі, тамақтанатын орын  жоқ дейді ашынғандар.

Нұргүл ҚОНДЫБАЕВА, ДАЙЫН ӨНІМ ҚАПШЫСЫ:

Ешқандай условия жоқ. Туалет деген жоқ. 80 мың теңге айлық аламыз. Мен жесір әйелмін. Сол 80 мыңның ішінде инвалид балам бар, тойым да бар, өлігім де бар, халатым да бар сатып алатын.

Бірнеше күннен бері талаптарын айтып табандап отырған топпен  аудан әкімі де, «Арал тұз»  басшылығы да келісімге келе алар емес. Басшылық айлықты  көтеруге келіседі. Бірақ қанша пайыз қосылатынын  қазір айта алмаймыз дейді.  Жұмыстың тоқтап қалғаны  мәселені шешуге кері әсер етіп тұрғанын алға тартты.  

 Айдынбек ТАУАСАРОВ, «АРАЛ ТҰЗ» АҚ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:


Нақты қазір айта алмаймын. Өйткені екі күн жұмысшылармен жүрмін. Оны есептеп қарау керек. Халыққа да айтып жатырмын. Сіздер жұмысты тоқтатсаңыздар қанша пайызға көтеру мүмкіншілігін жойып жатырсыздар.

Президент кеңесшісі нақты шешім қабылдау үшін 10 күн сұрады. Бірақ халық бұған дейін де құрғақ уәдеге тойғандықтан мәселе түбегейлі шешілмесе, жұмысқа шықпаймыз деп белді бекем буып отыр.   

М. Тоқтасынқызы