Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Ақтөбеліктер жарылғыш заттар қоймасын көшіруді талап етуде

Ақтөбеліктер жарылғыш заттар қоймасын көшіруді талап етуде

Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар-2 ауылының тұрғындары Арыс пен Тараз оқиғасы қайталана ма деп үрейленіп отыр. Өйткені, оларға жақын маңда жарылғыш заттар қоймасы орналасқан. Қойма кімге тиесілі? Одан шынымен де қауіп бар ма? Аймақтағы әріптесім Гүлвира Сейтенова анықтап көрді.  

Тараздағы жарылыс Ақжар-2 елді мекені тұрғындарының ұйқысын қашырды. Халықтың қауіптенетін жөні бар. Ауылдан 200 метрдей жерде жарылғыш заттар сақтайтын қойма тұр.

Жәрдем ҚАЗТУҒАНОВ, АҚЖАР-2 АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Арыста болған нәрсе, Таразда болған нәрсе ертең тағы қайталанып жүрсе. Санымызды соғып қаламыз. Бүкіл бала-шаға бар. Мына жерде үлкен мектеп бар. Мың жарым орындық мектеп. Соның бәріне қауіп төніп тұр.


Сержан АҚБОСОВ, АҚЖАР-2 АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Әскери адамдар шығар, келіп жүреді машинамен. Жарылыс бола ма, снарядтар бар дейді астында, анық-қанығын білмейміз. Құзырлы органдар келіп, қарап тексерсе дейміз.

Мұндағы жұрт құзырлы органдар қойманы тексеріп, қауіп болса, басқа жерге көшірсе екен дейді. Тұрғындардың айтуынша, онда сақталып жатқан жарылғыш заттар ескіріп қалған болуы мүмкін.

 Ғани ДӘРІБАЕВ, АҚЖАР-2 АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Жер астында тротил болуы мүмкін. Оны тек тексергеннен кейін біле аламыз. Біздің талабымыз сол – көшіре ме? Үкімет өзі қарайды. Жақын жер, тротил жарылмасын, жарылса көпке дейін жетеді.

Анықталғандай, Ақжар-2-дегі қойма «Қазөндірісгеофизика» мекемесіне тиесілі. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі өкілдері  қоймадағы жарылғыш заттар тек өндірістік мақсатта, пайдаланылатынын айтты. Яғни мұнай өндіру кезінде ұңғымаларды бұрғылауға қолданылады. Ал, қойманың орналасқан жері қауіпсіздік ережелеріне сай, қашықтық нормасы сақталған. Жылына бір рет тексеріледі деді.

Самат ТӘЖДӘУЛЕТОВ, ҚР ТЖ МИНИСТРЛІГІ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бұл аудан жаңадан салынып жатқанда, екі мыңыншы жылдардың басында ол жерде үй тұрғызуға болмайды деп тиісті органдарға хат жаздық. Соған қарамастан, елді- мекен бой көтерді. Ол жерде бұрын үш қойма болған. «Запказвзрывпром», «ҚазЦКубнитрохим» және «Қазөндірісгеофизика» мекемесі қоймасынан қазір тек соңғысы қалды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік мамандары қойманы көшіру жөнінде «Қазөндірісгеофизика» мекемесі басшылығына хат жазған. Мәселе әзірге басы ашық күйде тұр.