Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Атырауда егіз сәби терезеден құлап, біреуі қайтыс болды

AstanaTV
08.09.2021ж. 20:00
1593
Атырауда егіз сәби терезеден құлап, біреуі қайтыс болды

Атырауда егіз сәби көпқабатты үйдің үшінші қабатынан құлап кетті. Өкінішке орай, біреуі көз жұмды. Екіншісі ауруханада жатыр. Оқиғаның жай-жапсарын әріптесім анықтап көрді.

Оқыс жағдай Береке ықшам ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде түн ауа болған. Жас отбасы осында пәтер жалдап тұрыпты. Құзырлылардың дерегінше, егіздердің анасы жұмыста, ал әкесі ұйықтап жатқан көрінеді. Бір жастағы нәрестелердің терезеге қалай шыққаны белгісіз. Москиттік тор жұлынып, балалар құлап кеткен. Бөбектің бірі ауруханада көз жұмды. Аман қалған сыңарының сынығы көп.

Индира МЕРЕКЕН, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:


2020 жылы туған екінші баланың жағдайы орташа ауыр. Ол көп сынықтармен Атырау облыстық балалар ауруханасының травмотология бөлімшесінде. Жағдайында оң динамика байқалады.


Қайғы жамылған отбасы, жалдамалы пәтерден көшіп кетіпті. Ал, көршілері оқиға түнде болғандықтан, ештеме естімедік дейді. Мұндай жағдайлар жалпы ел бойынша азаймай тұр. Бір ғана мұнайлы өңірдің өзінде жыл басынан бері 6 жағдай тіркеліп, үш бала ажал құшты. Ересектердің жауапсыздығынан егіздердің биіктен құлау әрекетін, қазір полиция тексеруде.

Тұрлан ТҰРСЫНҒАЛИЕВ,  АТЫРАУ №2 ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

ҚР 141 бабымен, яғни ата-аналардың өз міндеттерін дұрыс атқармағаны бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. ПД көп қабатты үйлерде тұратын ата-аналарға балаларын үйде жалғыз қалдырмауын сұрайды.

Дәурен БЕРДЕНОВ,  АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАС МАМАНЫ:


Барлық ата-аналар сақтауы тиіс қарапайым ережелер бар. Бұлар балаларды терезеден құлау қаупі мүмкін болады, егерде терезе 12,5 сантиметрден ашылған жағдай кезінде. Барлық терезелер 12,5 сантиметрден астам ашуға мүмкіндік бермейтін немесе қоршаулар орнату қажет.


Құтқарушылар ескерту жасап, жадынама таратумен ғана шектелед алады. Олар 8 айда көпқабатты 305 үйдің тұрғындарына жадынама таратып шыққан. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпей тұр.

Б. Нәдірқызы