$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Олимпиадада неге алтын, күміс медаль алмадық?

AstanaTV
09.09.2021ж. 20:00
2006
Олимпиадада неге алтын, күміс медаль алмадық?

Токиода өткен Олипиадада бір алтын не күміс медаль алмауымыздың себебі салғырттықта. Елімізде спорт ақсап тұр деп сарапшылар дабыл қағуда. Олар әлемдік деңгейде жеңіске жетуді және бұқаралық спортты тежеп тұрған бірқатар кері фактор бар дейді.  Ол қандай факторлар? Толығырақ келесі бейнематериалда.

Балаларға арналған спорт үйірмелерінің құны  қымбат. Елорда тұрғыны Ольга Титова осылай дейді.  Екі баласын спорт секциясына жаздырмақ болған  ол біраз есікті қаққан.     
 
Ольга ТИТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Балаларыма спортпен айналысуға мүмкіндік жоқ.Міне, 3-ай секцияларға жазыла алмай жүрміз.Барлығы ақылы,қымбат.Кіші  қызымды тегін секцияға жаздырамын деп жанталастым. Бірақ, барлық жер лық толы.Мемлекеттік секцияларда орын жоқ.Ал,жеке секциялар бала басына 50 мың теңгеден жоғары.Оған жалақым жетпейді.


Бұл елдің эпицентрі -елордадағы жағдай. Ольга сияқтылар қалада көп. Мәселе  өзекті.  Президент өз Жолдауында  бұған ерекше тоқталды. Тиісті орындарға қатаң тапсырма берді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Спорт-денсаулық кепілі. Қайталап айтамын,бұқаралық  балалар спортына барлық жағдайды жасау қажет.Облыс әкімдері спорттық инфрақұрылымдардың құрылысын кезең-кезеңмен жүзеге асырулары тиіс. Жалпы, Токио Олимпиадасының қорытындысы бойынша жеке жиын жасап, спорттағы жағдайды қарастыру қажет.

Депутат Сайыровтың айтуынша, Токио Олимпиадасы спорт саласындағы былықты әшкереледі.

Ерлан САЙЫРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ,"NUR OTAN" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Спорт федерациясына басшы болған олигархтар спортты дамытуға емес, бюджет қаржысын игеруге әуес.Квалификациясы жоғары, ұлттық жаттықтырушылар жасамай, есесіне легионер келімсектерге,пайдасы жоқ кәсіпқой клубтарға миллиардтарды төгіп жатырмыз.

Сарапшылардың айтуынша,  салаға түбегейлі өзгеріс қажет. Спорттың тұралауы спортшылардың қателігі емес,  қолдаудың жоқтығынан  дейді. Өйткені, бұқаралық спортқа бюджеттен небәрі 2 млрд теңге  қарастырылса,  Щучинсктегі бос тұрған шаңғы трамплиніне 38 млрд теңге жұмсалған.   

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, СПОРТ ШОЛУШЫСЫ:

Біз өзімізге осыған дейін мықты деп санап келген күресті қатты көтеруіміз керек. Неге біз ғана адамға сеніп отырамыз? Жеңіл атлетикадан 2000-жылы Ольга Шишигина алтын алды, 2003-жылы Дмитрий Карпов қола алды. Бергі уақытта жалғыз ғана жеңіл атлетиканың көзірін ұстап келе жатқан Ольга Рыпакова.Демек, біз бұл бұқаралық спортты мүлдем дамыта алмай отырмыз.

Ал, сарапшы Бек Төлеу әлемдік жарыстарға өзге елдерден спортшы тартуды қателік деп есептейді. Өйткені, оларға жалақы халықтан алынған  салықтан төленеді.  Жалпы мұның артында жемқорлық тұр дейді.   

Бек ТӨЛЕУ, СПОРТ САРАПШЫСЫ:

Мәселе көп жағдайда жемқорлыққа тіреліп жатады.Яғни,футбол клубтары,хоккей клубтары,басқа да спорттық клубтарда жергілікті әкімдікке,әкімге байланысты болып отырады.Ал, егер спортты жақсы көретін әкім келсе, онда клубтарға көбірек қаржы бөледі.Одан кейін өзінің адамдарын қойып жатады.Ол қысқа уақыт ішінде сол спорт клубын дамытудың орнына,қаржыны жеп қалудың, жымқырып қалудың жолдарын ойластырып жатады.

ЛАУРА ҚУАНЫШҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Спорт сарапшыларының пікірі спортқа құлшынып тұрған адам көп, бірақ оған жағдай жоқ дегенге саяды.  Тіпті, ала допты рахаттанып тебетін алаң  жоқ. Сондықтан, спорттан бұрын инфрақұрылымды дамыту керек. Сала басшылығы осыны ескерсе  дейді олар.


Л. Қуанышқызы