$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Бүтін бір ауыл сусыз, жолсыз, жарықсыз отыр

AstanaTV
10.09.2021ж. 20:00
1706
Бүтін бір ауыл сусыз, жолсыз, жарықсыз отыр

Елорда іргесіндегі  Ыбырай Алтынсарин ауылында өмір сүруге қолайлы  жағдай жасалмаған.  Жұрт ішер суға жарымай отыр. Жол жоқ.  Жарық мардымсыз. Тұрғындар бұл мәселелерді  жылдар бойы айтып келеді. Бірақ, басшылықтың ісінен гөрі, сөзі көп дейді.

Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:


Бұл қаладан 5 шақырым жерде орналасқан Ыбырай Алтынсарин ауылы. Мұнда 2 мыңнан аса адам тұрады. Қала іргесінде болса да ауыз су мен жарықтың машақаты бітпейді. Түйінді түйткілдермен ауыл белсенділері 2012 жылдан бері арпалысып келеді.

Басты мәселенің бірі- ауыз су. Мамандар елдімекен тұрғындарының ішіп отырған суының жарамсыз екенін анықтаған, оны әкімшілік те растады. Қазір барлық үй бір құдыққа қарап отыр. Оның өзі күніне 2-3 сағат қана ағады.  Сол арада су алып үлгеру керек.  

Бұл аздай, жауын жауса  батпаққа батып, жүріп-тұру қиындайды дейді тұрғындар. Айтуларынша, биыл  ауылішілік көшелерге асфальт  төселуі тиіс болған. Бірақ әлі күнге дейін жұмыс басталмапты.   

Меруерт НҰРАЛБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жол сұраймыз. Жолды жылда міне осылай грейдермен бір өтіп кетеді. Мынау жол ма? Погрузчик келеді. Бір жүріп өтеді. Келесі жылға дейін шыдаңыздар деп. Шыдаңыздар, шыдаңыздар.. Қашанғы шыдауға болады?

Жарық бірде бар, бірде жоқ.  Жиі өшіп-сөнуі кесірінен қыста  бір үй өртеніп кеткен. Бірақ мәселе әлі шешілген жоқ дейді тұрғындар.  Тағы бір проблема-жедел жәрдем қызметі. Қатар тұрған үш ауыл - Алтынсарин, Талапкер, Қажымұқан елдімекендерінің 25 мыңнан астам халқы  жалғыз көлікке қарап отыр.   

Меруерт НҰРАЛБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:


Қазіргі уақытта не жолымыз, не светіміз жоқ. Ең басты мәселе скорыйымыз жоқ. Не қалаға. Не талапкерге кіре алмаймыз. Біз звондасақ қалаға направлять етеді, ол Ақмола облысына, одан Талапкерге звонок түседі. Талапкерден бізге келем дегенше.

Ауылдағы қордаланған  түйткілдерді биліктегілер жақсы біледі. Бірақ мемлекеттен қаржы бөлінбей, ештеңе істей алмайтындарын айтады.

Мирас ҚОЖАБАЕВ, ТАЛАПКЕР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Егер бізге, қаржы бөлінсе, сіздер жұмыстың басталғанына күәгер боласыздар. Шамалы 2 жыл ғана күте тұрайықшы. Сонда бізде Жол да, су да, жарық та бәрі болады.

Жарық алдағы бір айда қалыпқа келтіріледі.  Ал, жол мен таза су мәселесі келер жылы шешіледі.    

Д. Жарқынбек