Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Жамбылдағы жарылыстан зардап шеккен 35 үй жөнделіп жатыр

Жамбылдағы жарылыстан зардап шеккен 35 үй жөнделіп жатыр

Елбасы бүгін Жамбыл облысына барды. Әскери қоймадағы жарылыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарымен танысты.  

Қазақстанның Тұңғыш Президенті алдымен аймақ басшысымен кездесті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жойқын жарылыстан кейінгі қалыпқа келтіру жұмыстары туралы баяндады. Оның ішінде  зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары да бар. Айтуынша, шейіт болған қызметкерлердің отбасына 15 миллион теңгеден өтемақы берілген.  

Бердібек САПАРБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Зақым келген 122 нысан. Оның ішіндегі 106-сы тұрғын үйлер. Оның ішінде 75-і орташа зақым, оның бәрін қазір қалпына келтірдік. Қалған 35 үйде жұмыс істеп жатырмыз. Қазір Үкіметке өзіміздің ұсынысымызды бердік, соған Үкімет қаржы бөлеміз деп отыр.

Бұдан өзге өңірдің әлеуметтік-экологиялық дамуы, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да сөз болды. Елбасы сондай-ақ мәдениет үйіне барды, кітапхана және түрлі үйірмелердің  жұмысымен танысты.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

4 мың тұрғыны бар ауылға керемет мәдениет үйі осындай қандай жақсы. Ішінде үйірмелер бар: өлең айтатын, ән салатын. Би билейтін жастарымызға осындай жағдайды жасап жатырмыз. Қарсы алып, қуантқандарыңа көп рақмет!

Қазақстанның Тұңғыш Президенті сондай-ақ спорттық-сауықтыру кешеніне барды.  Мұнда ауқымды арена, әмбебап зал және күрес пен боксқа арналған зал бар. Спорттық-сауықтыру кешенінде төрт жүзден астам бала мен жеткіншек спорттың алты түрі бойынша жаттығады.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Денсаулық қай жағынан да керек. Оқуды тастамаңдар, бірақ спортты да тастамаңдар. Жарай ма? Өмірде бәрі керек болады. Барлықтарыңа зор болашақ, бақыт, денсаулық тілеймін!

Кездесуден кейін Елбасы «Әлжан ана» тарихи музейіне барды.   Мекеме ауласына ағаш екті.

А. Данияр