$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Қостанайда «Жасыл ел» бағдарламасы аясында бюджеттік қаражатты жымқырғандар жазаға кесілді

AstanaTV
23.08.2017ж. 20:00
2883
Қостанайда «Жасыл ел» бағдарламасы аясында бюджеттік қаражатты жымқырғандар жазаға кесілді

Қостанай соты «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатын жымқырғандарға үкім шығарды. Жазаға 5 кәсіпкер мен облыстық филиалдың менеджері ілікті. «Жасыл елдегі» жемқорлық облыстық филиалды Қайрат Әбдіхалықов басқарған кезеңнен  бастау алыпты. Қаланы көгалдандыру үшін студенттерге төленетін көп ақшаны қалтаға басу үшін, филиал басшысы мен менеджері Анисья Еремина таныс кәсіпкерлерді тартады. Қылмыстық топ 2014-2015 жылдары бір мыңға жуық адамға жалақы төленді делінген жалған құжат жасап, 16 миллион теңгеден астам қаражатты жымқырған. Оңай олжаға кенелгісі келгендердің көбі рақымшылыққа ілігіп, жазасын өтеу мерзімдері қысқартылды.

Саветбек Мұхамбетов, Қостанай қалалық  № 2 сотының судьясы:

Ереминаға қатысты тағайындалған жазаның төрттен бірін қысқарта отырып, нақты 2 жылға бас бостандығын шектеу белгіленсін.

Рақымшылыққа іліккен кәсіпкер Хоменко мен Шарипов жазадан құтылып кетті. Тағы бір жас кәсіпкердің дүние-мүлкі тәркіленіп, 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Қалған екеуі 3 жыл 9 ай мерзімге шартты түрде сотталды. Бұған дейін оның бірі қамауда болған еді, бүгін қолындағы кісен шешіліп сот залында босатылды. Ал, «Жасыл ел» облыстық филиалының басшысы Қайрат Әбдіхалықовтың ісі қайта тергелу үшін прокуратураға қайтарылған көрінеді. 

Заңғар САНАЙ