Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

БҚО-да әскерге шақырылушыларды тексеруге арналған медқондырғылар жарамсыз

AstanaTV
17.09.2021ж. 20:00
1772
БҚО-да әскерге шақырылушыларды тексеруге арналған медқондырғылар жарамсыз

Батыс Қазақстан облысында әскерге шақырылушыларды тексеретін медициналық қондырғылардың тозығы жеткен. Бұл туралы облыстық  қорғаныс істері департаментінің өкілдері мәлімдеді. Осының салдарынан бозбалаларды  жан-жақты дәрігерлік тексеруден өткізу қиын боп тұр.  Жергілікті әкімдіктен ультрадыбыстық зерттеу аппараты мен рентген қондырғыларын сатып әперуді сұраған.   Бірақ мәселе әлі шешілмеген. Сондықтан күзгі әскерге шақыру науқанын өткізуде проблема туындады.  Биыл аймақтан 700 жас отан алдындағы борышын өтеуі тиіс.  

Әлия САЛИЕВА, БҚО МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Әскерге шақырылғандарды тексеретін медициналық аппараттардың бәрі ескірген. Рентген аппараты секілді көптеген қондырғылар керек. Сонда жастар жан-жақты толық тексерілер еді. Бұл мәселе жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Бірақ денсаулық сақтау саласы болғандықтан, бұл іске министрлік те араласуы керек.

Әскерге шақырылған жігіттердің денсаулығы жыл санап нашарлап барады. Бұл да жағдайды қиындатып отыр дейді мамандар.   Дәрігерлердің айтуынша,  кейбір  жастың  қару ұстауға қауқары жоқ. Көбінің дене бітімі дұрыс жетілмеген. Көзі нашар көреді, енді біреулерінен  жүрек-қан тамыры аурулары анықталған.

Раиса ГЕРАСИМОВА, ДӘРІГЕР- ОФТАЛЬМОЛОГ:

2000 жылы туған бозбалалардың 270-інің көзі нашар көреді, 2001 жылғылардың ішінен 310-ның осы дертке шалдыққаны анықталды. Олар әскерге шақырылғандардың 23 пайызын құрады. Көзі көрмейтіндердің саны келесі жылы 30 пайыздан асты. Ал биыл 2 мыңға тарта жігіттің 505-інің көзі көрмейтінін анықтадық. Мұның бәрі - қашықтан оқытудың кесірі.

Е. Карин