Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ғаламтор дүкенінен зардап шектік дегендер арнамыздан көмек сұрайды

AstanaTV
21.09.2021ж. 20:00
1240
Ғаламтор дүкенінен зардап шектік дегендер арнамыздан көмек сұрайды

Айласын асырып, халықтың жиған-тергенін жымқырып жүрген алаяқтар туралы ақпараттар сейілер емес. Арнамызға алданып қалдық деген бір топ адам хабарласты. Айтуларынша интернет дүкеннен дәрі-дәрмек, косметикалық өнімдерін алған. Тұтынушыларды қызықтыру үшін ұтыс ойындарын ұйымдастырып, жылжымайтын мүлік, көлік ойнатыпты. Оған бұқара миллиондап ақша салған.  Заңгердің мәліметінше ел бойынша аталмыш компания өкілдеріне 200-ге жуық азамат ақша аударыпты.  

Сан соғып қалғандардың бірі Қарағанды облысының тұрғыны Алтынбек Малдыбаев. Ол 3 көлік пен пәтер ұтып алдыңыз деген ақпаратқа сеніп, шамамен 4 млн тенгеден аса қаражат аударыпты. Қоңырау шалғандар, сенімге әбден кірді дейді. Тіпті біршама құжаттар жіберді деп отыр. Қармаққа ілінгенін кеш түсінген. Қазір бір басында 4 бірдей несиесі бар.

Алтынбек МАЛДЫБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
3 мәрте 500 мыңнан, 2 мәрте 1 млн-нан. Арасында көлік ұттың деп 200 мың, 100 мың, 180 мың сондай салдырып тұрды. Оның бәрі тұр ғой, накладнойда жазылып тұр. 2019 бері постоянно дәрі сатып алып жүргем ғой. Дәрі сатып алғанда айтады, мынау бәлен суммалық нәрсе, 10 мыңның затын сізге 2 мыңға береміз деп. Содан бастап алып жүргем.

Компания ғаламтор желісінде дәрі-дәрмек, косметикалық өнімдер мен техникалық заттарды сатумен айналысады. Аталмыш дүкен елде 5 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Тек Қазақстанда емес көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде де қызмет көрсетеді. Басы дауға қалған компания өкілімен сұқбатасып көрдік. Олар орын алған олқылықтарды тұтынушылармен байланысқа шығатын қызметкерлердің қателіктерінен болды дейді. Айтуынша, интернет дүкенінің менеджерлері қалтасын қампайту үшін азаматтарды алдап-соғып, ұтыс үшін алдын ала ақша талап еткен.

Дамир БАЛТАБАЕВ, КОМПАНИЯНЫҢ ЗАҢГЕРІ:

Қазіргі таңда КБТ груп компаниясы интернет дүкені болып табылады. Бұл менеджерлердің кінәсі болып тұр. Біз оларды жұмыстан шығардық. Олар өздерінің пайдасы үшін қатысушыға жалған ақпарат берген. Ұтыс қаңтар айында расымен ойнатылды. Ойынға тіккен ұтыстарды жеңіп алған азаматтар да бар.  

Компания заңгері осы айдың соңына дейін барлық зардап шеккен адамдардың ақшаларын қайтаруға тырысамыз дейді. Алдандық дегендердің құқығын қорғаушының айтуынша, компания қайтаруы тиіс қаражаттың көлемі қомақты. Сондықтан бұл іс жуырда аяқталады дегенге сенбейді.

Мерхат АХМЕТОЛДИН, АДВОКАТ:

Ең көп қаражат салған тексеру бойынша 10 млн-нан асады. Көбінде азаматтардың ақшалары 300, 400, 50 мың сондай. Сол аралықта. Қайтару енді әр азаматтікі әрқалай.

Адвокат айлакерлердің құрығына түспес үшін заң тұрғысынан сауатты болуға шақырады. Қоңырау шалып сенімді сөйлегендерге сене бермеген жөн деп кеңес берді.

Д. Жарқынбек