Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтауда көтерме-тарату орталығы мен коммуналдық базар салынады

AstanaTV
27.09.2021ж. 20:00
1756
Ақтауда көтерме-тарату орталығы мен коммуналдық базар салынады

Ақтауда көтерме-тарату орталығы мен коммуналдық базар салынады. Онда жергілікті ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілеріне тегін сауда орындары ұсынылмақ. Жергілікті атқамінерлер, бұл  бастаманың облыс кәсіпкерлеріне үлкен  пайда келтіретініне сенімді. Еске сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына келген сапарында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жиында инфляция деңгейінің жоғары екенін, бұл  азық-түлік тауарлары бағасының тез өсуіне әсер етіп отырғанын айтқан болатын.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа жеке инвесторлар есебінен Ақтау қаласының 36 шағын ауданында салынатын «Ақтау Авто қойма» ЖШС және «Ақтау Орц» ЖШС-нің жобалары таныстырылды. Көтерме-тарату және  коммуналдық базарлар жеке инвесторлардың есебінен салынбақ. Көтерме сауда орталығы бөлшек сауда базарлары, дүкендер, мейрамханалар және басқа да бизнес субъектілері үшін азық-түлік тауарларының көтерме саудасын ұйымдастырады. Осылайша, делдалды алып тастап, жергілікті өндірушілердің өнімін кепілді өткізудің  арқасында азық-түлік тауарларының бағасы төмендейді деп күтілуде. Жобаға салынған инвестиция құны -1,8 млрд теңге. Жер учаскесінің жалпы ауданы – 12 гектар. Коммуналдық базар жобасы- сату және тауар сақтайтын қоймасы бар 2 функционалдық аймақтан тұрады. Сондай-ақ, 2  мың шаршы метр аумақта павильондар салынады, онда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз және жалға алу төлемдерінсіз сата алады, бұл өз кезегінде тұтынушылар үшін бағаны тұрақтандыруға  оң әсер етеді.  Жер телімінің жалпы ауданы - 15 гектар. Екі жоба да 2 жылдан кейін іске асырылады.

Мәлік ӘБДІҚАДЫРОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әкімшілік тарапынан жер учаскелерін бөлу бойынша қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін әрбір нысанға  шамамен 10-15 гектар жер бөлінеді. Қазіргі таңда бұл жұмыстардың сызба жобалары әзірленіп жатыр. Жақын арада қала басшысына істің орындалғаны туралы хабар береміз.

Маңғыстау халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті.  Облыс басшысының тапсыруымен ауыз су өндірісін ұлғайту ісіне мемлекеттік қызметшілер   жауапты болады. Өңір басшысы  жобаны келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.  Сонымен қатар,  ауыз су мәселесі мемлекет басшысының жеке қадағалауында екенін атап өтті. Қазіргі уақытта зауыт тәулігіне 20 мың текше метр су тұшытуда. Жоба жүзеге асырылған соң  кәсіпорынның техникалық мүмкіндігі тәулігіне 40 мың текше метрге жетеді, яғни екі есе ұлғаяды. Жобаның құны -12 млрд теңге, оның  7 миллиарды республикалық бюджеттен  бөлінген.  Қалған қаражат үшін министрлікке  бюджеттік өтінім   жіберілген.

Д. Жарқынбек