$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Павлодарда спорт мектебінің төбесі опырылды

AstanaTV
28.09.2021ж. 20:00
1564
Павлодарда  спорт мектебінің төбесі опырылды

Павлодарда таңғы жаттығу кезінде спорт мектебінің төбесі опырылды.   Абырой болғанда, адам аман. Оқыс оқиға кезінде спортзалда 13 оқушы мен 3 жаттықтырушы болған. Жаттықтырушылар  төбеден дыбыс естіген соң балаларды дереу қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.   Сонан кейін  ғимараттың  төбе жабындысы опырылып, ортаға түскен.

Нұрлан ЕСЕМБАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМДІ ЖӘНЕ СПОРТТЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Жаттығу кезінде төбенің опырылған дауысын естідік. Бірден балалар мен жаттықтырушылар сыртқа шығарылды. Зардап шеккендер жоқ. Ғимараттың ортасына екі үлкен төбе жабындысы құлап түсті.


Ғимарат 1984 жылы спортзал ретінде ашылған.  Бірақ, бұған дейін  қойма ретінде пайдаланылыпты. Нысанның тиісті құжаттары жоқ,   ғимараттың қашан салынғаны да белгісіз. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.  Тек 2010 жылы ішінара жөнделген.     

Ринат ВАЛИШАНОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ:

Оқиға орнына дереу құтқарушылар жіберіліп, ғимарат аумағы қоршалды. Құлап кету қаупі болғандықтан, оқиға орнына ешкім жіберілген жоқ. Оқыс оқиғаның нақты себебін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Комиссия құлау себебін анықтайтын болады.

Ө. Қуанар