Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Алматыда тұратын африкалық суретші қала тұрғындарына 20 күн ішінде ағылшын тілін үйретеді

AstanaTV
22.08.2017ж. 20:00
3074
Алматыда тұратын африкалық суретші қала тұрғындарына 20 күн ішінде ағылшын тілін үйретеді

Алматыда тұратын тегі нигериялық суретші Боб Усорох мегаполис тұрғындарына ағылшын тілін үйретіп жүр. Өнер иесі «20 күн ішінде ағылшын тілін» меңгертетін арнайы әдістеме ойлап тапқан.  Бұндай бастама тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр. Оқу курсына бір уақытта жүзге жуық адам қатысады. Қазіргі уақытта Боб Усорох сурет өнеріне ерекше ден қойған.

Алыс Нигерияда туылған Боб Усорох осыдан 31 жыл бұрын оқу саласында грант ұтып алып, Қазақстанға ат басын бұрады. Бұл Кеңес одағының тарап, аумалы-төкпелі кезеңі болатын. Оқу бітірген соң Қазақстанда қалуды ұйғарады. Нәпақа табу үшін такси жүргізді. Орыс тілін жетік меңгерген ол қазақ еліне ағылшын тілінде сөйлейтін мамандардың керек екенін ұғынды. Міне осы уақыттан бері ағылшын тілін үйретуді қолға алады.

Боб Усорох, суретші:

Бұл өте қолжетімді әдістеме. Оған арнайы тәжірибе жүргізу арқылы қол жеткіздім. Мен Қазақстанға келген уақытта барлық адамдардың ағылшын тілін тез үйренгісі келетінін ұғындым. Тезірек тілді меңгерту үшін, «20 күн ішінде ағылшын тілін үйрету» бағдарламасын ойлап таптым.

Боб Усорох тек суретші және мұғалім ғана емес, түрлі мамандықты игерген жан. Би  мектебін ашып, сабақ беруді қолға алса, бұдан бөлек ән жазады. Ақындығы тағы бар. Өзінің бірнеше сүйікті ісімен айналысса да, жүрегінде Африкаға деген сағынышы басылар емес. Оны көрме қойған туындыларынан байқауға болады. Көрмеге шығарылған туындыларында Африка елінің тұрмысын бейнелей отырып, қазақ елінің дархан даласын да көрсетеді. 

Боб Усорох, суретші:

Мына картинаға назар аударыңызшы? Қазақстан мен африкалық стиль астасып жатыр. Мына бейнелер африкалық адамдар болғанмен, пейзаж қазақ даласының кеңдігін көрсетіп тұр. Сурет салғанда, мұның бәрін ескеремін. Байқасаңыз, ауыл көріністеріне көп мән беремін. Өйткені кіндік қанымның тамған жері ауыл болатын.

Боб Усорох жақында мынадай жейделер мен саптыаяқтарға сурет салуды қолға алыпты. Сұраныс бар дейді. Көп ұзамай қазақ тілінде сұхбат беретінін де айтып мақтанды. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген соң, қазақ тілді қауымға да ағылшын тілін тез үйренетін әдістеме жасап шығармақ. 

Айгүл ЕРМАХАН