Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қайырымдылық жасағандардың еңбегі еленді

AstanaTV
30.09.2021ж. 20:00
2213
Қайырымдылық жасағандардың еңбегі еленді

Елордада "Қайырымдылық керуені" III-ші республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.  Жеті  түрлі номинация бойынша 50-ден астам  адам  арнайы құрметке ие болды.  Толығырақ тілшіміз Динара Жарқынбек айтады.

Коронавирус індетіне қарамастан игі іспен айналысып, мұқтаж жандарға көмек көрсеткен қайырымды жандар көп.  Соның бірі -Батыржан Ибрагим,  қарапайым қала тұрғыны біраздан бері қайырымдылықпен айналысады. Ол әр жұма сайын тағдыры таразыға түскен балаларға қуаныш сыйлап жүр.  Азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етіп, дәрі-дәрмек алуға қаржылай көмек көрсетеді. Батыржан әлеуметтік желіде де  әрдайым  оқырмандарын    игі іске шақырып,  қиын жағдайға тап болған отбастарына қолдау көрсетуге  үндейді. Бүгін ол  “Қайырымдылық тарихы” номинациясымен марапатталды.

Батыржан ИБРАГИМ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Хабарласқан кезде қуанған едім. Айтады ғой, біреуге жақсылық жасайсың, оның бірақ қайтарымын күтпейсің ғой. Алла разылығы үшін деп жасайсың. Бірақ кейде осындай жасап жатқан дүниеңді елеп-ескеріп, жасап жатқан жақсылығыңа мотивация ретінде марапаттап жатқан кезде ол ерекше қуаныш.

"Қайырымдылық керуені" республикалық байқауы осымен 4-ші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Бұл шара қиналғанға қол ұшын созатын жандарды насихаттауға, сондай-ақ халықтың азаматтық бастамасын жандандыруға және мейірімділік, гуманизм сияқты адами құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Жоба еліміздің барлық өңірінде  жүзеге асырылуда. Осыған дейін  байқауға қатысу үшін  екі мыңға жуық адам өтінім білдірген.  Студенттерден бастап үлкен кәсіпкелерге дейін жақсылық жасап,  жарысып келеді. Биыл   "Асар", "Туған жер", "Мейірім жолында", "Батыл жүрек", "Қайырымдылық тарихы", "Бала жүрегі" және "Жануарға мейірім" деп аталатын 7 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

Назгүл МАҚЖАН,   НҰР-СҰЛТАН қ. МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ,  ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА МҮШЕСІ:

3-ші республикалық  конкурсқа қатысқандар ішінде тілшілер бар. Жергілікті телеканал, газет тілшілері бар. Одан көпбалалы аналар бар. Сосын өрт қызметкерлері  бар. Одан қалды психолог мамандары бар. Ең бастысы әрине мақтан тұтатын дәрігерлер бар. Осы кісілермен мақтанамыз.


Ауқымды әрі маңызды шара   Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының қолдауымен  өтіп келеді. Мейірімділік пен ізгіліктің жаршысы  болып жүрген жандардың өтінімдерін қабылдау келер айда тағы басталады.   

Д. Жарқынбек