Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ресей Қазақстанға АЭС салуға көмектесуге дайын

AstanaTV
30.09.2021ж. 20:00
1252
Ресей Қазақстанға АЭС салуға көмектесуге дайын

Қазақстанда атом электр станциясы салынса  Ресей   көмектесуге әзір. Бұл туралы  Владимир Путин XVII өңіраралық ынтымақтастық форумда айтты. Сондай-ақ жиында екі елдегі экологиялық мәселелердің жайы көтерілді. Бұдан бөлек,  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қос елдің шекарасындағы бір қатар өзекті проблемаларға тоқталды. Толығырақ әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.

Қазақстан-Ресей шекарасында проблема пайда болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елдің өткізу бекеттеріндегі  жаңа талаптарға байланысты  жүк тасымалдаушылар шығынның астында қала ма деп алаңдайды. Өйткені қос мемлекеттің шекарасында 30 автомобильдік пункт болса, оның тек 5-еуінде ғана тексеру құрылғылары орнатылған. Барына бар, тез-тез істен шығатыны болмаса... Тағы бір кедергі бар.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Тасымалдаушылар автокөліктеріндегі бар орынды пайдалана алмай отыр. Оның үштен екі бөлігіне ғана жүк артады. Мысалы, газельдерде 8 тонналық орынға 4-6 тоннаға дейін тауар тасымалданады. Ал, 30-40 тонна жүк кететін ірі көліктері 15-20 тонна ғана зат тиеуге мәжбүр. Соның кесірінен көлік шығындары артып, тауарлардың бағасы өсіп жатыр.

Жиында Каспий мен Жайықтың ахуалы, орман ресурстарының тапшылығы, мұнай кен орындарын игеру туралы айтылды. Бұдан бөлек, Владимир Путин атом электр станциясының құрылысына көмектесуге дайын екендерін жеткізді.  

Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Біз көршілеріміздің, оның ішінде Қазақстанның да атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарларын жіті қадағалап отырамыз. Егер сіздер оны салу туралы шешім қабылдайтын болсаңыздар, Ресей қазақстандық серіктестеріне оны тұрғызу және эксплуатациялау ісіне көмектесе алады. Тек ол ғана емес. Бұл жерде тұтас бір сала құру туралы сөз қозғалып отыр.

Энергетика министрлігі атом электр станциясын салу туралы әлі шешімнің қабылданбағанын хабарлады. Әзірге тек зерттеу жүріп жатыр. Стратегиялық маңызды нысанды тұрғызу кезінде қоғамның пікірі ескеріледі, дейді. Сонымен қатар, қос Президент пікір таласқа да уақыт тапты. Әңгіменің бәрі жолбарыстардың "өлшемінен" басталды. Тоқаев жолбарыс бүкіл жерде бірдей екенін айтты. Ал, Путин онымен келіспеді.

Қазақстан жолбарыстан бөлек итбалықтардың жайына да алаңдаулы. Тоқаев ресейлік әріптесіне Қызыл кітапқа енген жануарларды құтқару үшін Каспийде қорықтар құруды ұсынды.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Өңіраралық ынтымақтастық форумы әу баста Көкшетауда өткізіледі деп жоспарланған. Бірақ, пандемия оған мүмкіндік бермеді. Ал, 2022 жылы Қазақстан мен Ресейдің кезекті жиыны Орынборда оффлайн форматта өтеді деп жоспарланып отыр.

А. Данияр