Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Astana LRT ақшасын жымқырған басты фигуранттар алаңсыз өмір сүріп жатыр, - Мәжіліс депутаты

AstanaTV
30.09.2021ж. 20:00
1798
Astana LRT ақшасын жымқырған басты фигуранттар алаңсыз өмір сүріп жатыр, - Мәжіліс депутаты

Аты шулы Astana LRT бойынша басты күдіктілер әлі жазаланбады. Тіпті оларға іздеу салынғанына депутаттар күдікпен қарайды. Бүгін Парламентте мәжілісмен Мақсат Раманқұлов Бас прокуратураға осыны айтып, депутаттық сауал жолдады. Оның дерегінше аталған факті бойынша елорда әкімінің экс-орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен компанияның бұрынғы басшысы Талғат Ардан, "Интерполдың" тізімінде де жоқ.

Мақсат РАМАНҚҰЛОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНҢ ДЕПУТАТЫ, "АҚ ЖОЛ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Сыбайлас жемқорлық пен бюджет қаражатын жымқырудың ең күшті мысалдарының бірі - LRT құрылысы. Қазір сот осы іс бойынша сотталған жеті адамның апелляциялық шағымын қарастырып жатыр. Ал бұл істе басты фигуранттары: қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен Astana LRT экс- басшысы Талғат Ардан жазадан тыс қалды. Әлеуметтік желіде олардың отбасы мүшелері Нью-Йорктегі алаңсыз өмірі туралы жазбалар жиі жариялап тұрады. Демек қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды ешкім іздеп жатқан жоқ.

Депутат Интерполға тапсырыс қашан және қалай берілгенін, сондай-ақ не себепті халықаралық ұйымның тізімінен әлі күнге дейін шықпай жатқанын түсіндіріп беруді Бас прокуратурадан талап етеді. Халықаралық іздеу жариялау тәртібіне сәйкес, Бас прокуратура алдымен Интерполдың Лион қаласындағы штаб-пәтеріне өтініш жолдайды. Алайда сотталған жеті адамның адвокаттары қазақстандық прокурорлардың Интерполға берілетін тапсырысты дұрыс рәсімдей алмағанын жеткізген. Осыны еске салған мәжілісмен оларды ұстау шарасы қолға алынып жатқан жоқ дейді.

Б. Сатуов