Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Нан бағасы шарықтап барады, ал сапа сын көтермейді

AstanaTV
30.09.2021ж. 20:00
2029
Нан бағасы шарықтап барады, ал сапа сын көтермейді

Нанның бағасы  20 теңгеге  қымбаттады.  Оған жиналған бидайдың аздығы, сәйкесінше шикізаттың қымбаттығы себеп дейді жауаптылар. Қазақстан астығының негізгі операторы Азық-түлік келісім шарт корпорациясы өткен жылы бидайдың тоннасын 83 мың теңгеден сатып алса, биыл 103 мың теңгеге көтерген.  Бұл  астық өсіруші шаруаларға қолайлы болғанмен,   ұн өнімін өндірушілерге қиын боп тұр.  

Наубайханадан 85-90 теңгеден шығарылған ас атасының құны дастарханға жеткенше мың құбылады.  Елорданың өзінде баға әртүрлі. Бір жерде бөлке нан-120 теңге тұрады, ал кейбір сауда нүктелерінде   140 теңгеден сатылып жатыр.     

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Нан бағасының көтерілуіне бірнеше себеп бар дейді мамандар. Ұн мен қоспалар  құнының қымбаттауынан бөлек  сыртқы қаптаманың ақысы да оған әсер етеді. Мысалы, қазір 1 нанның қабы этикеткасымен қосқанда 16 теңге тұрады. Ал былтыр бұл баға 8-10 теңгені құраған.

Наубайхана иелері нанның құны көтерілгенін растап отыр. Ұнның қымбаттауына байланысты амалсыздан нан бағасын да өсіруге мәжбүрміз дейді олар.  Онан бөлек , қосылатын басқа да шикізаттардың  бағасы мен  электр энергиясының құны шарықтап тұр.   

Әбдірақым ТӨЛЕНДИЕВ, НАУБАЙХАНА ДИРЕКТОРЫ:

Мынау шығаратын нанымыз, қазір біздің әлеуметтік нан - бұған тек ұн, ол нанның 45 пайызын құрайды. Содан кейін тұз, содан кейін ашытқыш, содан кейін су. Бұлардың барлығы  20-30 пайызға дейін қымбаттап кетті ғой . Ең негізгі қымбаттаған ол - электр энергиясы. Ол почти 45 пайызға дейін қымбаттап кетті. 16 теңге еді, қазір 24 теңге болды. Содан кейін бензин қымбаттап кетті.

Осының барлығы дайын  өнім  бағасына  әсер етеді. Бірақ халық оны білсе де түсіне алмайды. Басқа басқа, нан бағасы  тұрақты болуы керек. Ал қымбаттатты ма, сапасын жақсартсын дейді.    

БЛИЦ:

-  20 теңгеге қымбаттады. Өте қымбат. Граммы азайып кеткен. Сосын ылғи үгіліп қалады. Турауға келмейді кейбір нандар.

-  Не істейміз енді біз? Ұн алып, үйден нан жауып жеп жатырмыз.

- Тез бүлінеді. Дұрыс емес. Дрожжыны көп қосады.


Былтырдан бастап "Тұрақтандыру қоры" арқылы  кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берілуде.  Бұл кейбір мәселелерді шешуге көмектеседі дейді мамандар.

Айбек ЖАЗЫЛБЕК, ТҰРАҚТАНДЫРУ ҚОРЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:


Жеңілдетілген қарыздар аясында 1 миллионнан астам нанға 2022 жылдың мамыр айына дейінгі баға тұрақталып тұр. Наубайханаларға берілген 1 келі ұнның бағасы 122 теңгеден аспайды.


Әлеуметтік нан бірінші сұрыпты ұннан дайындалады. Оның бағасын мемлекет  реттейді.  Мәселе туындаса  Азық-түлік корпорациясының резервінде тұрған астық ұн тартатын кәсіпорындарға арзан бағамен таратылады.

А. Базарбай