$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Шымкентте бір отбасын қағып кеткен полицей қамалды

AstanaTV
22.08.2017ж. 20:00
2643
Шымкентте бір отбасын қағып кеткен полицей қамалды

Полицейдің қатысуымен тағы да келеңсіздік болды. Шымкентте тәртіп сақшысы жаяу жүргіншілер жолында өтіп бара жатқан түгел бір отбасы мүшелерін қағып кетті. Отағасы бақилық болды. Ал ана мен бала ауруханада. Полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Куәгерлермен тілдескен әріптесім Айзада Төребекқызы мән-жайды білді.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Мәртөбе тұрғын алабында бағдаршамның жаяу жүргіншілерге арналған жолағынан өтіп бара жатқан бір отбасы мүшелерін қаққан адам полиция қызметкері екені белгілі болды. Бұл мәліметті  Ішкі істер департаменті өкілдері растады.

Оқиға жұма күні кешкі мезгілде болды. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, бағдаршамның жасыл түсі жанғанда, жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқан ерлі-зайыптылар мен олардың 9 жасар ұлын жол ережесін өрескел бұза жүйткіген автокөлік қағып өткен.

Оразалы Кенжебеков, куәгер:

Үлкен жылдамдықтан қарсы бетпенен БМВ маркілі автокөлік, қара түсті қатты жылдамдықпен келеді де, өтіп жатқан пешеходты соғады. Біреуі ары қарай ұшып кетеді, әйелі бері қарай ұшып кетеді. Кішкентай бала велосипедімен тоже ұшып кетеді ары қарай.

Соққының қатты болғаны сонша, жаяу жүргіншілерді жиырма метрге дейін ұшырып жіберген. Жүргізуші тежегішін тіптен баспаған да көрінеді.

Оразалы Кенжебеков, куәгер:

Баспаған. Өйткені мына жерге эксперттер де келді ғой, екі күн қатарына келіп жатты. Қалай келді, солай соғып кете берген ғой. Өйткені оның іздері де жоқ. Міне іздері болатын еді ғой, іздері жоқ. Соғып кете берген.

Қатты соққыдан 37 жастағы азамат сол жерде жан тапсырды. Мына бейнежазбаны түсіргендердің айтуынша, жедел жәрдем қызметі тек 20 минуттан соң жетіпті. Егер жедел жеткенінде, он минут бойы жаны қиналған жанды аман алып қалуға болар ма еді, дейді. Қазір көлік қаққан келіншек пен оның ұлы ауруханада жатыр. Дәрігерлер жамбас тұсы сынған 37 жастағы келіншектің жағдайы бірқалыпты екенін айтады. 9 жасар баланың да бірнеше жері сынған. 

Болат Нұсқабаев, ОҚО балалар клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Келген бойда баланың жағдайы өте ауыр еді. Жансақтау бөлімінде жатты. Барлық мамандар көріп, барлық тексерулер өткізілді. Кеше бала беті бері қарағаннан кейін бөлімшеге ауыстырдық.

Мәртөбеліктер бір отбасын ойран еткен құқық қорғау органының қызметкері жазадан тыс қалады ма деп қауіптенеді. Айтуларынша, бұл осы маңдағы алғашқы қайғылы жағдай емес көрінеді.

Айзада Бекпенбетова, Мәртөбе тұрғын алабының тұрғыны:

Полицейлерге сенім жоқ, мысалы, олар қағып кетеді, құтылып кетеді. Біз сияқты қарапайым адамдар қаламыз, баламен, мүгедек болып. Кім бізге қарайды? Сол үшін мына светофорға камера ма, бірдеңе орнатып берсін.

Көлік оқиғасына тап болған Бағила Бөкенбаеваның анасы Қатира апа қазір екі аурухананың арасында жүр. Оның айтуынша, кінәлі полицейдің туыстары кешірім сұрап келген.

Қатира Мұстафаева, зардап шегушінің анасы:

Қызым екі аяғынан тік тұрмай, ешқандай кешірім бермеймін. Маған баланың атасы деді, әкесінің ағасы келді. Мен ол кісіге де осы сөзді айттым.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Ішкі істер департаменті таратқан мәліметте, көлік жүргізушісі полиция қызметкері екені растағанымен, оның қай бөлімде қандай қызмет атқарғанын жарияламады. Қазір күдікті қамауға алынған. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ