Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Елордада халықаралық қарттар күні аталып өтілді

AstanaTV
01.10.2021ж. 20:00
2036
Елордада халықаралық қарттар күні аталып өтілді

Бүгін сондай-ақ, елімізде Халықаралық қарттар күні аталып өтілуде. Мерекеге орай елорда әкімдігі  соғыс ардагерлері мен зейнеткерлерге сый-құрмет көрсетті. Сонымен қатар, қарттармен белсенді жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар да назардан тыс қалмады.

Елордада 100 мыңнан астам  зейнеткер бар. Оның 85 мыңы- әлеуметтік көмек алушылар.  Бүгін Ардагерлер үйінде қоғам өміріне белсене араласып жүрген қарттарға сый-сияпат жасады.  Солардың бірі-елорда тұрғыны Табия Жанмурзина. Кейуана жас ұрпақтың көрсеткен құрметіне дән риза.

Табия ЖАНМУРЗИНА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл бір орнықты дұрыс мереке деп есептеймін. Өйткені біздің елімізде, қай елде болсын қариялардың орны ерекше. Ол кісілерге біздің құрмет-сыйымыз әрқашанда таусылмау керек. Әрқашанда мол болып, сыйлай берейік қарияларымызды.

Дәурен БАБАМҰРАТОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазір Індеттің беті сейілген секілді. Сол себептен қазір көпшілік іс-шараларымызды сәл кеңейітлген форматта өткізсек деген ойымыз бар. Бүгінгі іс-шараға көп адам шақырған жоқпыз. 250 адам ғана ашқырдық. Осылай іс шара жүзеге асады.


Сарыарқа ауданында да мерекелік шара өтті. Екінші дүниежүзілік  соғыстың 4 ардагерін және бірнеше зейнеткерді   құттықтады.   95 жастағы Жүнісбек Каримов небір зұлмат заманның куәгері болғанын, сондықтан қазіргі бейбіт өмір ол үшін  құнды екенін айтты.  Небәрі 19 жасында майданға аттанып, от пен оқ кешіп жүріп, Берлинге дейін барған.  Сұм соғыс оны жанарынан айырды.  

Жүнісбек КАРИМОВ, ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС АРДАГЕРІ:

Шалқамнан түсіп жаттым. Солдаттар айхай салып арақты да ішіп тойлап жатыр. Мен шалқамнан жаттым. Не істейін? 18 жасымда соқыр болып қалсам мен кімге керекпін? Әйтеуір 15 күннен кейін көзім ашыла бастады ептеп.

Әкімдік өкілдері жалғызбасты, қамқорсыз қалған және мүгедек қарттарды да естен шығарған жоқ.  Оларды азық-түлікпен, көмірмен қамтамасыз еткен. Одан бөлек, әрдайым қарияларға көмектесіп, қолдау білдіріп тұрады.    

Әлібек АХИМБЕКОВ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз жылда соғыс ардагерлері мен зейнеткерлерге көмек беріп, қолдап отырамыз. Оларға түрлі жолдармен барынша қол ұшын созуға тырысамыз. Мәселен, қар түссе қар тазалаумен көмектесеміз. Азық түлікпен қамтамасыз етеміз. Зейнеткерлерге, ардагерлерге мемлекеттен тиісті төлемдер беріліп отырады.


Нұр-Сұлтан қаласында қарт кісілермен жұмыс істейтін 10-нан астам ұйым бар.  Ардагерлер кеңесі, Орталық ардагерлер үйі, сондай-ақ, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының есігі   қазыналы қариялар үшін әрдайым ашық.

Д. Жарқынбек