Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Түркістандағы жаңа драма театрда «Бөрте» спектаклі қойылады

AstanaTV
04.10.2021ж. 20:00
3280
Түркістандағы  жаңа драма театрда «Бөрте» спектаклі қойылады

Алдағы демалыс күні  Түркістан музыкалық драма театры   белгілі қаламгер Дулат Исабековтың сиясы кеппеген пьесасына  қойылған  «Бөрте» спектаклімен тұңғыш рет  шымылдығын ашады.  Қазір дайындық жұмыстары қызған. Тарихи шығарманы сахналауға ел аумағындағы белді актерлар шақыртылған. Тағы қандай жаңалығы бар? Тілшіміз анықтап көрді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен салынған Түркістан музыкалық драма театрының ұжымы дәл қазір «Бөрте» спектаклінің соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Қойылым 10-11 жастағы Темучин мен Бөртенің алғаш танысуынан басталып, Шыңғыс қағанның алып империяны басқарып тұрған кезеңін қамтиды.

Әлем тарихындағы қайраткер Шыңғыс ханның қоңырат тайпасынан алған алғашқы әйелі Бөртеге арналған тұңғыш шығарма - бұл. Сиясы кеппеген пьесса қазақ сахнасында да тұңғыш рет қойылғалы отыр. «Бөрте» спектаклін сахналауға белгілі италиялық режиссерлар Давиде Ливермор (Davide Livermore) мен Карло Шаккалуга  шақырылыпты.

Карло ШАККАЛУГА, РЕЖИССЕР:
 
Бұл қойылымда Давиде Ливермордың үлкен қолтаңбасы бар. Ол жаңа технологиялар мен бұрынғы мәдениетті үйлестіруді мақсат етті. «Бөрте» қойылымы елдің ықыласына бөленеді деп ойлаймын. Мысалы бізде өте үлкен лед экран бар және проекция жасайтын қондырғыларымызда бар. Айналада үлкен айналар бар. Осылар арқылы әсерлі етіп, ерекше қойылым жасамақшымыз.
 

Спектакльде Түркістан музыкалық драма театрының жас актерларымен бірге балет әртістері, елге танымал театр тарландары да өнер көрсетеді. Өзге театрлардан 18 әртіс шақыртылыпты. Шыңғыс хан рөлін -Еркебұлан Дайыров сомдаса, оның анасының образын Лейло Бекназар –Ханинга сахналамақ.

Лейло БЕКНАЗАР-ХАНИНГА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, Қ.ҚУАНЫШБАЕВ ТЕАТРЫНЫҢ АКТРИСАСЫ:

Қазақстан театрларында бұл жаңалық десе де болады. Себебі басқа тетрларда бұрынғы кезде бір әртісті шақыруы мүмкін еді. Ал мұнда бірнеше әртістерді шақырды. Бәрі көрермен үшін. Көрермен өзінің бағасын береді деп ойлаймын.

Театрдың директоры және көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова «Бөрте» бейнесін кімнің сомдайтынын әзірге құпия ұстап отыр. Ал шетелдік режиссерларға таңдау болғанын былай түсіндірді.  

Айнұр КӨПБАСАРОВА, ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:   

Шетелдік режиссер шақырған себебіміз Түркістан қаласы  тарихы тереңде жатқанмен жаңа қала болып жаңадан қалыптасып жатыр. Түркістан театрының есігі жаңадан ашылып жатыр. Әлемге, алыс-жақын шетелге таныту үшін біз шетелдік режиссерларды шақыруды жөн көрдік. Театрымыздың жас актерлары мастер клас алып, сабақ алып үйренсін деген оймен.

Қазір театр сахнасында қойылымға  дайындық жұмыстары  жасалып жатыр. Қажетті декорациялардың барлығын жергілікті ұжым өз қолымен әзірлеген.

А. Төребекқызы