$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Арқалықтағы ет комбинаты шикізат таба алмай отыр

AstanaTV
08.10.2021ж. 20:00
2050
Арқалықтағы ет комбинаты шикізат таба алмай отыр

Арқалықта үш жыл бұрын іске қосылған ет комбинаты толыққанды жұмыс істей алмай тұр. Себебі, шикізат тапшы. Кәсіпорында жылына үш мың тонна ет өңдеуге болады. Бірақ, ол жоспар әзір орындалған жоқ. Өндірісті тұралатқан өзге де мәселелер бар ма, жергілікті билік ет тапшылығын қалай шешпек? Тілшіміз Заңғар Санайдың бейнематериалы.

Кәсіпорын   17 түрлі ет өнімін шығарады. Алайда  қазір тек шұжық пен консервіленген цех жұмыс істеп тұр.Оның өзі кейде тоқтап қалады.

Сергей МАЛОВ, ЕТ КОМБИНАТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Комбинат 25 процент жүктемемен жұмыс істеп тұр. Тек келіп түсетін тапсырысқа байланысты өнім шығарамыз. Қоймаларымыз бос тұр. Қысқасы тұрақты өндіріс жоқ.
 
Арқалық маңындағы Ашутасты  ауылының тұрғыны Бақытжан Нұрдәулетовтің қорасында елуге жуық  ірі қара бар. Биыл шөп шығымы төмен. Мал азығы қымбат.Түлікті қыстан қысылмай  алып шығу үшін қыруар қаржы қажет. Сиырын комбинатқа өткізу де ол үшін тиімсіз.

Бақытжан НҰРДӘУЛЕТОВ, АШУТАСТЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өз басым 30 бас өткізгім келіп тұр қазір. Былайша айтқанда күйі бір қабат. Жақсы. Өткізетін мал болғасын алдын ала дайындадық. Барымызды беріп. Бірақ та бағасы қонымсыз. Былтыр біз 6 айлық бұзауды. 120-дан алдық. Төлдейтін сиырды 350-ден алдық. Биыл соның жартысы боп тұр ғой.

Ал ет комбинаты бір келі етке 1300 теңге ұсынып отыр. Бірақ бұл   өте арзан дейді тұрғындар.  Кәсіпорын  да шикізатты қымбат алып, өнімнің  өзіндік құнын өсіргісі келмейді.  Өңірдегі бір ғана бөлігі жұмыс істеп тұрған  мал бордақылау алаңы толық пайдалануға берілсе, мәселе шешіледі  дейді  мамандар.   

Жақсылық ҚАРАТАЕВ, ЗООТЕХНИК:

Биыл кіргіземіз деп жатқан 2000 бас қой мұнда. Қазір тұрғаны 190 бас жылқы. Сосын 100 бас ірі қара бар. Биыл тағы қора қосамыз деп жатырмыз. Оны қараша айының басында бітіреміз. Сол мал келеді деп сондай жоспар бар.

Көрші аудандар мен Ақмола облысынан да мал қабылданады.  Белгіленген баға екі тарапқа да тиімді болмақ.

Руслан ҚҰЛЕТОВ, АРҚАЛЫҚ ҚАЛАСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бордақылау алаңының бізге тиімділігі жеке адам болсын, шаруа қожалықтарына тапсырған болса килограммына 200 теңгеден беріледі. Былай қарасаңыз, 800 теңге тірі салмақ дейтін болсаңыз одан 1600 теңге, содан үкіметтің әр килограммға беретін 200 теңгесі бар. Бір килограмм еттің бағасы 1800, болмаса 2200 теңге шығады. Сонда бұл қазіргі нарықтық бағаға теңеседі.

Алаңда алдағы уақытта бес мыңға жуық ірі қара  бордақыланады. Жоспар толық жүзеге асса, ет комбинатындағы шикізат тапшылығы да түбегейлі шешіледі дейді мамандар.

З. Санай