Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Вакцина алған елордалық тұрғын 2 бөлмелі пәтер ұтып алды

Вакцина алған елордалық тұрғын 2 бөлмелі пәтер ұтып алды

Елордалық Әсемгүл Ысқақова күтпеген жерден жаңа екі бөлмелі пәтерге ие болды.  46 жастағы тұрғын жазда коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын салдырған. Қала әкімдігі   мен «G-Park» құрылыс компаниясы ұйымдастырған ұтыс ойынының жеңімпазы атанды.  Айта кетейік, екпе алғандар арасында мұнан бөлек апта сайын басқа да бағалы сыйлықтар  ойнатылған.   

Екі бөлмелі пәтердің иесі атанған Әсемгүл  - елорда әуежайында тексеру қызметінің инспекторы болып жұмыс істейді. Үш баланың анасы. Ол жазда №7 қалалық емханада коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын салдырған. Әсемгүл екпені өз еркімен алған, ұтыс жайлы ештеңе білмепті. Хабарласқанда сенбедім дейді.

Әсемгүл ЫСҚАҚОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Әпкем звондады. Айтты прямой телеэфирда көрдім, сені құттықтап жатыр деп. Қазір звондайды саған, сен күт деп. Ондай  сезген жоқпын мен. Сенген де жоқпын ол кісіге.


Вакцина алғандар арасында iPhone12, тоңазытқыштар, теледидарлар мен басқа да құнды сыйлықтар да ойнатылды. Бас жүлде - Көктал тұрғын үй алабында орналасқан "Рио-де-Жанейро" тұрғын үй кешеніндегі жаңа пәтер. Демеуші «G-Park» құрылыс компаниясы.

Габит САТМАГАМБЕТОВ, "G PARK" ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Мен өзім біріншілердің бірі болып екпе алдым. Басшы ретінде, қызметкерлердің сенімін тудыру үшін бұл қадамға менің бірінші баруым маңызды болды. Қазір біздің компания 100 пайыз екпе алды. Сондықтан мен бұл акцияға қуана қатыстым. Екпе алғандарға пәтерлі болуға мүмкіндік бердім.

Екі бөлмелі пәтер "Хабар" телеарнасының тікелей эфирінде ойнатылды. Ұтысқа 25 маусым мен 28 қыркүйек аралығында астанада вакцинаның бірінші компонентін алған 18 жастан асқан тұрғындар қатысты. Ұтыс ойынының жеңімпаздарын анықтау үшін Birge платформасында арнайы рандомайзер сервисі орнатылды. Ол жүлде иелерін вакцинацияланған ID генерациясымен таңдады.

Айгерім АРДАҚҚЫЗЫ, НҰР-СҰЛТАН қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Міне өткен аптада ғана біз екі бөлмелі пәтердің жеңімпазын анықтадық. Жеңімпазды Birge платформасында, яғни кездейсоқ функциясы арқылы жеңімпаз анықталды. Тікелей эфирде сондай-ақ айфонның жаңа модельдері, ұялы телефондары ойнатылды. Тұрмыстық техника, электроника дегендей, басқа да сыйлы, бағалы заттар ойнатылды.

Елорда әкімдігі бұдан бөлек, апта сайын вакцина салдырғандар арасында iPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың ұтыс ойынын өткізген. Нәтижесінде 19 -іPhone телефоны, 6 тоңазытқыш, 4 теледидар, 2 планшет, 4 микротолқынды пеш, 5 принтер, 2 бейнетіркегіш, кір жуғыш машина, "Алиса" ақылды колонкасы, ауа ылғалдандырғыш үлестірілді.

А. Базарбай