Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

"Қызылорда - Шымкент" тас жолының ақылы болуына көлік жүргізушілері наразылық танытты

AstanaTV
11.10.2021ж. 20:00
2413
"Қызылорда - Шымкент" тас жолының ақылы болуына көлік жүргізушілері наразылық танытты

Алдағы айдан бастап "Қызылорда - Шымкент" тасжолы ақылы болады. Шақырымына жеңіл көліктер 1 теңгеден, жүк көліктері 5 теңге мен 25 теңге аралығында төлемек. Бұл ақпарат көлік жүргізушілерінің наразылығын тудырды.

Наразы топ мұны жығылғанға жұдырық деп бағалайды. Жанар-жағар майдың бағасы шарықтап тұрған кезде, жолға ақы төлеуге міндеттеу ақылға сыйымсыз дейді. Оған қоса таситын жүк үшін берілетін қаржы да мардымсыз көрінеді. Айтуларынша 1 тонна күрішке 8 теңге береді. Жағар май таппай жүргенде, жолға ақы қалай төлейміз деп ашулы.

Баубек БАҚТЫҒҰЛ, ЖҮК ТАСЫМАЛДАУШЫ:

Ақы төлеуге халықтың ешқандай жағдайы дұрыс емес қой әлі, солярка анау өзің білесің, кеше Алматыға бара жатқанда 170, қайтарда 260-тан заправка жасалып жатыр. Ол табылса жасалып жатыр.

Азамат СӘРСЕНБАЕВ, ЖҮК ТАСЫМАЛДАУШЫ:

Малдан қорғайтын қоршау белгілері де аз. Жолда түнде кетіп бара жатсаң мал да жүріп жатады. Оны қағып жатқан адам қаншама. Құдай сақтасын, өліп кетіп жатқандар да қаншама.


Осылай деген көлік жүргізушілері тасжолдың қазіргі күйі де көңіл көншітпейді дейді. Көліктер жиі бұзылып, тапқан-таянғанымызды онсызда жөндеу жұмысына береміз деп қосты. Мәселеге жауаптылар болса, түскен қаражат жолдың жөндеу жұмыстарына жұмсалатынын айтты. Ал бекітілген баға еш өзгермейтінін жеткізді. Мысал ретінде ең алғаш 2013 жылы ақылы болған "Нұр-Сұлтан-Шучинск" тасжолын келтірді. Қазіргі баға сол кезде қойылған дейді.

Диас АХМЕТШӘРІП, "ҚАЗАВТОЖОЛ" ҰК" АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жеңіл көлікке 1 тг 1 шақырымы, ауыр көлік үшін 5 тг мен 25 тг аралығында, артылып алған жүгіне байланысты. Ол тариф әлі өзгерген жоқ ,өзгермейді де. Бұл сұрақты өйткенде министрлік айтты бұл тарифті өзгертпейміз деп. Бұл тариф өзгермейді. Яғни жүк көлігі үшін 5 тг мен 25 тг-нің аралығы жүгінің көлеміне байланысты. 15 тг-ден жоғары болып кетсе 25 тг.

Жүк тасымалдаушылар болса, бұл жауапқа қанағаттанбады. Олар жолдың тегін болуына қол жеткізбей тынышталмаймыз дейді.

А. Базарбай