Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / «Қорқып кеттім»: балабақша қызметкері баланы жертөлеге қамап қойған

«Қорқып кеттім»: балабақша қызметкері баланы жертөлеге қамап қойған

Түркістан облысында  балабақша  қызметкері бүлдіршінді  жертөлеге қамап қойған. Facebook қолданушысы бақшадағы бассыздықты бейнежазбаға түсіріп, парақшасына жүктеген. Ол аздай жеке меншік мектептердің бірінде қызметіне сенген ата-ана білім ордасына баса көктеп кіріп, қорғансыз баланы сабап кеткен.  

Бұл жағдай Сарағаш ауданындағы "Ақ көгершін" балабақшасында болған.Автордың айтуынша, 5 жастағы бүлдіршінді балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы жертөлеге апарып, қамап қойған. Бірақ өзі қараңғы бөлмеде қамап қою ойында мүлдем болмағанын, тек "жылан көрсету үшін" жетектеп барғанын айтыпты.   

Жәмила РАХЫМ, САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үлкен топқа кетіп бара жатсам балам подвалда қамалып отыр. Нұрислам деп айғайласам подвалдан дауысы шығып отыр. Содан кейін сіздерді шақырдым, учасковыйды шақырдым. Бұл жерде кім меңгеруші, бастықтарыңыз кім десем, сол қамап отырған апайдың өзі "мен заведующий" деді де есікті кілттеп алды.

Бірақ кейін меңгерушінің міндетін атқарушы баланы қараңғы бөлмеде қамап қою ойында мүлдем болмағанын, тек "жылан көрсету үшін" жетектеп барғанын айтыпты.   

Бұл оқиғадан  жұрт есін жиып үлгермей жатып, Шымкент қаласындағы  жекеменшік мектептердің бірінде түсірілген тағы бір видео әлеуметтік желіде тарады. Бұл жолы не тәрбиеші, не мұғалім  емес, балаға күш қолданған -ата-ана. Екі ойын баласы арасындағы келіспеушілікті  ересектер  әлімжеттікпен шешпек болған.

Пернебай БЕДЕЛОВ, МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ:

Сынып жетекші апайы мектепке кіруге болмайды, сыныпқа кіруге болмайды дегеніне қарамастан кіріп, сол жерде отырған балаға қол жұмсаған. Бетіне. Біз үлгермей қалдық. Ол кезде мұғалім де үлгермей қалды.

Білім ордасына баса көктеп кіріп, қорғансыз балаға аяусыз қол көтергендерді бүлдіршіннің анасы "шенді лауазымдарын асыра сілтегендер" деп атады. Баламның беті қанталап, психикасы бұзылды дейді.
 
Жанар ЖАППАРҒҰЛ, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Өте қатты соққы алған. Біріншіден психологиялық. Балам күнде ұйықтамай жүрді. Таңертең әжесі келіп қалатын сияқты деп. Жылап жүрді.

Қоғамда мұндай жағдайлардың жиілеп бара жатқанына жұрт алаңдаулы.

БЛИЦ:

-  Ұруына мен қарсымын конечно. Ұруға болмайды біттей баланы. Өз баламызды да ұрмаймыз, ни то что біреудің баласы.

- Мұны қандай да бір заң тұрғысынан шешу керек.


Қазір құзырлы орындар бұл мәселемен айналысып жатыр. Балабақшадағы бассыздыққа қатысты тиісті адамдардан түсінік алынуда.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Жазба бойынша Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейлері мен ауданның прокуратура қызметкерлері бірден оқиға орнына барды. Болған жайт анықталып, Сарыағаш АПБ-де тіркеуге алынды.

Ал мектепке кіріп, оқушыға қол көтергендердің ісі сотқа жолданған.  

А. Базарбай