«Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша өңірлерге сапарын жалғастыруда. Бүгін ол Маңғыстау облысында сайлауалды уәделердің орындалу барысымен танысты. Аймақта 9 айда 2025 жылға дейін жоспарланған 872 іс-шараның 27% орындалған. 28 мектеп салынып, жөндеуден өткен, 22 мың тұрақты жаңа жұмыс орны ашылған. Бауыржан Байбек атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен сайлауалды бағдарлама аясында балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. 2025 жылға қарай өңірлерде 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100% балабақшамен қамту, сондай-ақ кезекке қою тәртібін толықтай цифрландыру жоспарлануда. Сондай-ақ Бауыржан Байбек Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов атындағы ауылда жаңадан бой көтерген балабақшада тәрбиешілермен кездесті.
Бауыржан БАЙБЕК, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Қасым-Жомарт Кемелұлы жалпы осы бағдарламаны жариялады. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталады. Партия тарапынан біз айқын мақсаттармен нақты істердің партиясы болғандықтан ғимаратқа, балабақша, мектеп деп нақты айтылған. Өңірдің өзінде 89 бала-бақша ашылуы керек 4 жылдың ішінде, 81 мектеп.
Маңғыстау облысында жыл басынан бері 18 мектепке дейінгі мекеме пайдалануға берілген. Бұған тұрғындар дән риза.
Эльмира ҚАЗИЕВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Nur Otan» партиясы бағдарламасы аясында осындай бала-бақшалар ашып, баламызды кезекке тұру арқылы қабылдады. Өте жақсы, баламыз мақтап келеді. Ата-аналар атынан рахмет айтқым келеді.
Мұнан кейін "Nur Otan" партиясы төрағасының Бірінші орынбасары «Сүлеймен» атындағы жаңа спорт кешенін аралады. Мұнда жастар үшін күрес, дзюдо, каратэ, көркем гимнастика, жүзу секілді спорт түрлері қолжетімді. Сайлауалды бағдарлама негізінде биыл елімізде 127 мыңнан астам спорт секциясы ашылып, 22 мыңнан астам балалар үйірмелерінің жұмысы қайта жанданған. Жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 1,5 есе өскен, ал 2023 жылға қарай тағы 2 есе артады.
Сондай-ақ осы күні, кезектен тыс конференцияда Нұрлан Ноғаев «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Партия төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, филиал басшылығының алдына әрбір аудан мен қалада партияның сайлауалды міндеттемелерін сапалы орындау, фракциялар мен қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру, сондай-ақ партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы халықтың проблемаларын шешу міндеттері қойылған. Партияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, сапар барысында Бауыржан Байбек еліміздің батыс өңірлерінде: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында сайлауалды уәделердің іске асырылу барысын онлайн форматта талқылады.
Б. Сатуов