Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Оңтүстік Қазақстанда браконьерлерге оқ атқан инспекторды қамау мерзімі екі айға ұзартылды

AstanaTV
21.08.2017ж. 20:00
2882
Оңтүстік Қазақстанда браконьерлерге оқ атқан инспекторды қамау мерзімі екі айға ұзартылды

Оңтүстік Қазақстан облысында "балық аулаған ағайынды жігітке" оқ атқан "Охотзоопром" мекемесінің инспекторы Руслан Загиров екі ай қамауға алынды. Оны ұстау мерзімін ұзарту туралы сот санкциясы шыққан.

Гүлмира Мекембай, Арыс аудандық сотының судьясы:

Тергеушінің қаулысымен күдіктінің әрекеті ҚР ҚК 24 бабының 3-бөлігі, 99 бабының 2-бөлігінің 1, 9-тармақтарымен дәрежеленген. Яғни «Адам өлтіруге оқталу». Аталған қылмыс аса ауыр қылмыс санатына жатады. Сондықтан соттың қаулысымен күдікті Загиров Руслан Марсовичке 16 тамыз 2017 жылдан бастап 16 қазан 2017 жылға дейін екі ай мерзімге күзетпен ұстау бұлтартпау шарасына санкция берілді. 

Айта кетейік, бұған дейін инспектордың үстінен «бұзақылық» бабымен іс қозғанған-ды. Ол бап кейіннен «адам өлтіруге оқталу» болып өзгертілді.

Еске салайық, Оңтүстік Қазақстандағы Арыс қаласының екі тұрғыны балық аулауға шыққан жерде инспектор оқ жаудырды деген болатын. Олар бірнеше жеріне бытыра тигендіктен, ауруханаға жатқызылған еді. Алайда «Охотзоопром" өндірістік бірлестігінің бас директоры бұған дейін біздің арна тілшілеріне инспектор заңға сәйкес әрекет еткенін айтқан болатын. Өйткені балықшылар тыйым салынған құралдармен балық аулаған деп мәлімдеді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ