Маңғыстау облысында аламан бәйге өтті. Ат жарысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Бекет атаның 270 жылдығына арнайы ұйымдастырылған. Бәйге екі күнге жалғасты. Шабандоздар республиканың түкпір-түкпірінен келген, шамамен 100 -ден астам сәйгүлік қатысты. Бәйгеге қойылған жүлделер де осал емес. Шетел автокөлігі, мотоцикл және тұрмыстық техникалар өз иелерін тапты.
Дода: тай жарыс, ошақ бәйге, құнан бәйге және аламан бәйге болып төрт кезең бойынша өтті. Аттар жарысы 8 шақырымнан 33 шақырым аралығындағы қашықтыққа шауып, мәре сызығын кесті. Аламан бәйгені өткізудегі басты мақсат - Пір Бекет атаны ұлықтап, оны өскелең ұрпаққа дәріптеу дейді шара ұйымдастырушысы.
Дәулет ТҮЙЕБАЙ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
Пір Бекет атамыздың 270 жылдығына байланысты былтыр садақасын, Құран қатымын түсіргенбіз. Ахуалға байланысты биылға қалдырғанбыз. Бүкіл қазақ еліне уәде бергенбіз. Сол мақсатта, жалпы өскелең ұрпаққа әулие әмбиелерді құрметтеу елдік бағыттағы дұғада, Алладан қалды, әулиелерден медет сұрап, әртүрлі ауру-сырқаудан, бәле-жәледен, мына жердің қуаңшылығынан сақтасын деген мақсат бар ар жағы.
Өз аймақтарында үздік деп танылған шабандоздар келді. Олар сәйгүліктерінің күші мен ептілігін тағы да сынауға келген. Жарыс - олардың делебесін қоздырды. Аламан нәтижесінде жаңаөзендік Рахат Абдуллаевтың "Тұлпарханы" үшінші орын, бейнеулік Әбіғали Таңатаровтың "Сомбалағы" екінші орынды қанжығасына байлады. Ал бас бәйгеге алматылық Секенай Бөбекбайдың "Мамайқарасы" қол жеткізді.
Секенай БӨБЕКБАЙ, БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ:
Наурызбай батырдың тойында бірінші келген құнан бәйгеден. Былтыр кубок президентінен ұтқан. 4-5 машина ұтқан ат. Өте жүйрік ат. Әлі екінші болып көрген жоқ. Алланың қалауымен өзіміз ниет қылып келдік. Құдайдан тілеп. Қазақ айтады ғой: "құдайдан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады деп, құдайдан сұрап едік бізге сол жеңісті нәсіп етті.
Осылайша дүбірлі сайыс маңғыстаулықтардың мерейін тасытты. Өзінің сән-салтанатымен жоғары дәрежеде өтті дейді - аламан бәйгеде екінші орын иеленген бейнеулік Қобылан Таңатаров.
Қобылан ТАҢАТАРОВ, АТБЕГІ:
Маңғыстауымыздың құмына табиғатына, құмына, шаңына,шетелден келіп аттар үйренісіп. Және осы шапқанның өзі. Мына табиғатқа төзімді, төзу оның өзі күш. Ат бегі қауымға рахметімді айтқым келеді. Өте керемет өтті.
Жарыстың ұйымдастырушылары, маңғыстаулық ұлттық спорт түрлерінің әуесқойлары. Жарыс соңын Батыстың мақымындағы жыршы-термешілердің өнерімен қорытындылады. Додаға қатысқандардың барлығы құр алақан қайтпады, оларды ынталандыру мақсатында қаржылай сый таратылды.
А. Дукембаева