$488.45 €529.19 ₽5.04
×

Жайық өзенінде арал пайда болды

AstanaTV
19.10.2021ж. 20:00
3620
Жайық өзенінде арал пайда болды

Жайық өзенінде қыста балық қырылуы мүмкін. Өйткені су айдыны қатты тартылып, тіпті кейбір жерлері кеуіп қалған. Осыдан қауіптенген сала мамандары биылғы қыстың су асты тіршілігі үшін қиын болатынын айтып отыр. Егер екі облысты жалғап жатқан өзен судан тарықса, Жайықты жағалай қоныстанған жүздеген елді мекеннің тіршілігі тоқырап, тіпті ауыл шаруашылығына да кесірін тигізуі мүмкін. Тілшіміз жалғастырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:


Айналайын, ақ Жайық, ат салмай өтер күн қайда деп Доспамбет жырлаған Жайық өзенінің қазіргі күйі осы. Мамандардың айтуынша, суы тартылған өзеннің табаны 8-9 метрге дейін биіктеген. Осылайша өзеннің әр жерінен аумағы жүздеген метрге созылған мынадай аралдар пайда болды.


Махамбет ЫҚСАНҒАЛИ, СУ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ, ЭКОЛОГ:


Біздің шекараға дейін Жайық көкпеңбек. Біздің шекарадан бастап космостан түсірілген түсірілімдерде Жайық қап-қара болып тұр
.

Махамбет Ықсанғалидің айтуынша, балық қыстайтын шұңқырлар мүлдем тазартылмаған.     Жайық  үлкен құбыр сияқты.  Ресейден жеткен тіршілік нәрі іркілместен ағып барып, Каспийге құяды. Суының 95 пайызын Еділден алатын Каспий теңізі Жайыққа тәуелді емес. Сондықтан суды өзімізге көбірек алып қалуға тырысу керек. Сонда облыс орталығы түгілі, өңірдің оңтүстік аудандары да судан тарықпас еді, дейді су саласының ардагері.

Махамбет ЫҚСАНҒАЛИ, СУ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ, ЭКОЛОГ:

Кезінде Мұстахим Біләлұлы Ықсанов ағамыз Жайық-Көшім суландыру-суару жүйесі деген бар. Кезінде осы жүйе салынған кезде Жайықтың тек қана 4-5 метр көтерілген кезде-ақ су құйыла бастады. Қазір Жайықтың суы 6 метр болмай, жаңағы жүйеге су кірмейді.


Жыл сайын Жайық өзеніне жоғарыдан  кемінде 4 миллиард текше метр су құйылады.  Бірақ   көршілер шөміштен қағуын доғарар емес, дейді сала өкілдері.

Марат Машекенов, БҚО ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Россия суды ұстап отыр ғой, білесіздер. Бірақ бізге берулері шамалы, біздің сұрағанымызды бермейді никогда. Жаз бойы 30 кубтан беріп келді. Секундына 30текше метрден беріп келді. 25 апрельдер бастап, оны 15-ке түсіріп тастады. Енді міне бір айдан кейін нәтижесін көріп отырмыз. Судың деңгейі резко түсіп кетті.

Дағдарған мамандар онсыз да аз суды тіршілік нәрінен тарыққан халыққа қалай бөліп берерін білмей отыр. Су тапшылығынан өңірдің оңтүстік аудандарында шөп шықпай, өзен-көлдер құрғап қалды. Аңқасы кеуіп, су іздеген төрт түлік батпаққа батып қырылды. Ал биыл қыста мұз қалың болса, балық та  қырылуы мүмкін.

Шынболат ЕРМАҒАМБЕТОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК БҚОФ БАС ИНЖЕНЕР-ГИДРОТЕХНИГІ:


Біздің міндетіміз – шартқа сәйкес, шаруа қожалықтарына және басқа құрылымдарға шартпенен су беру. Жоқ суды біз қалай береміз? Су жоқ деген әңгіме бізге де тиіп жатыр таяқтың бір ұшы. Жайықтан қазір кіріп жатқан судың бізден шығуы 1 кубометр секундына. Айта кететін жағдай: осындай кездерде су орташа болғанда, орташадан мол болған жылдары, ол кездері 10-15 куб кіруші еді секундына. Бірақ қазір ол кірмей тұр.

Су тапшылығы 1960 жылдары да болған.  Сондықтан мұндай жағдайдың  уақыт салып қайталанып отырғанын әлде  Жайықтың мүлде суалып кетерін ешкім білмейді. Ал келер жылы  не боларын тіпті айту қиын. Өйткені өңірде Жайықтың жағдайын зерттейтін білікті мамандар жоқтың қасы.

Е. Карин