Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары істі болуда

AstanaTV
19.10.2021ж. 20:00
2896
Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары істі болуда

Атырау облысы әкімінің тағы бір орынбасары құқық қорғаушылардың нысанына ілікті. 48 жастағы Қайрат Нұрлыбаев лауазымды қызметке биыл қаңтарда келген еді. Ол ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған кезінде бюджет қаражатын талан-таражға салды деген күдік бар. Нақтырақ айтсақ,  «84 млн теңгеге жуық инвестициялық субсидияларды ысырап етті» деген айыппен прокуратура тергеуге алған. Мұны құзырлылар мемлекеттен қаржы алған шаруа қожалықтарын тексеру кезінде анықтапты.  Әкім орынбасары аталған жағдайға байланысты қандай да бір сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Ал аймақ басшысының баспасөз хатшысы растады.

Ержан ТӨЛЕК, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қайрат Нұрлыбаев 13 шілдеден бастап прокурордың қаулысы бойынша күдікті деп танылды. Бірақ қазір ешқайда шықпау қолхатымен жұмысын істеп жатыр.

Шенеунікке қатысты тергеу жүріп жатқанын естіген аймақ шаруагерлері, облыстың түкпір-түкпірінен жиналып, журналистерге сұхбат берді. Олар шенеунікке араша сұрайды. Айтуларынша субсидия бөлу тәртібінің өзінде екіұшты жайттар көп. Дәл осы субсидияны бөлу туралы шешімді  комиссия шығарған,- дейді.  

Нұртас БАЙЖАНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 
Қайрат Нұрлыбаевқа дейін қаралып, комиссиямен белгілі бір субсидия берілу керек деген тұжырымды қолдау бәрінен: орталықтан, ауданнан субсидия алған адамнан, жауапты органнан рұхсат қағаз алынған.


Мұрат САРМАНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Кезінде жасалды, қателікте кеткен де болар. Бірақ ең бастысы мемлекетке де, ауыл шаруашылығына да бір тиын да зиян келген жоқ. Алған шаруагер өзінің субсидиясын толық көлемде мемлекетке қайырып, берешегінен құтылды. Енді осы жерде ақтық, әділдік, ақиқат болу керек сияқты. Шаруагерлердің барлығы осындай талапта.

Айта кетейік, аймақ шенділеріне қатысты бұл алғашқы дау емес. Ірі көлемде пара алды деген күдікпен облыс әкімінің бұрынғы орынбасары 44 жастағы Нұрлан Таубаевтың ісі де сотта қаралуда.

Б. Нәдірқызы