Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбенің іргесіндегі елдімекен жылуға әлі қосылмаған

AstanaTV
19.10.2021ж. 20:30
2422
Ақтөбенің іргесіндегі елдімекен жылуға әлі қосылмаған

Ақтөбенің іргесіндегі Қарғалы елдімекеніндегі мектеп пен ондаған тұрғын үйде жылу жоқ.  Орталық жылу магистралінде әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ала жаздай ән салып», қыс қамына енді кіріскен коммуналдық мекеме жөндеуді неге кешіктірді?  Жылуы жоқ мектепте оқушылар қалай білім алуда? Өңірден-Гүлвира Сейтенова.

Қарғалылықтардың жылу таратушы мекемеге өкпесі қара қазандай. Жаз бойы жөнделмеген құбырларды күздің қара суығында көре қалды дейді ашынған жұрт.  Соның кесірінен елдімекенде елуден астам отбасы суық үйде сырт киіммен ұйықтауға мәжбүр.  

Боранбай НҰРСЕЙІТОВ, ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз жарар, үлкен адамдармыз. Балалар бар ғой, немерелер бар. Таңертең онға дейін жатады, жылу жоқ. Пешкі қосамыз, газ жағып, сонымен отырмыз. 2-3 күн болды істегендері. Былай труба жоқ деп жатыр ғой.

Қалибек ШАТАЕВ, ҚАРҒАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жазға қалдырмай ма? Күрделі ремонт бұл деген. Сондай қалай? Бастары соған жетпей ма? 10 күн бір жұмыс істелген жоқ. Сентябрьдің аяғында бірыңғай жылу беретін еді. Биыл масқара!

Аудандағы мыңнан астам бала оқитын мектепте де жылу жоқ. Кейбір сабақтар онлайнға ауыстырылған.  Негізгі пәндер ғана мектепте өтеді. Бірақ бүгін электр жарығы да сөніп қалғандықтан  оқушыларды амалсыз үйлеріне қайтардық дейді директор. Жұрт  жаппай электрлі жылыту құралдарын қолданып, желілер шамадан тыс жүктемеге шыдамай, істен шығып жатқан көрінеді.
 
Жасұлан ЖАНАЙДАРОВ, М.АРЫН АТЫНДАҒЫ ҚАРҒАЛЫ ҚАЗАҚ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мектеп тарапынан жылы желдеткіш – тепловые завесы дейді, соның сегіз данасын алып, бөлмелерге қажет температураны ұстап тұрмыз. Ол тоқпен жылытылады. Балалардың сабаққа келмеу себебін, ауырғандар бар ма осы салқыннан деген сияқты анализ жасап отырмыз.

Ал, жылу таратушы кәсіпорын үшін  барлық проблеманың себебі- тендер. Құбырды жөндейтін мердігер мекемені анықтау үшін көктемнен бері бірнеше рет  мемлекеттік байқау жарияланған. Бірақ, жеңімпаз тек тамызда анықталған. Ескі құбырды қазып шығару жұмыстары қыркүйекте басталса да, жаңа құбырдың бағасы бірнеше рет өсіп кеткен, ал компания   қажетті материалды кеш сатып алған, дейді бас инженер. Бұл кемшіліктер үшін мердігер де, коммуналдық мекеме де Қарғалы халқынан кешірім сұрады.  

Айтбай ДАУЫЛБАЕВ, «AQTOBE SU-ENERGY GROUP» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Халықтың алдында кінәміз бар ғой, жылуды уақытына беру керек еді. Біздің мердігер мекемелер тездетіп жұмыс істеуі керек еді. Енді қазір мердігер мекеме осы жетінің аяғына дейін жетпеген құбырдың орнына көнесін уақытша салып, жылу береміз деп уәде беріп отыр.


Коммуналдық кәсіпорын өкілі 22 -қазанда  үйлерге жылу   беріледі деді. Ал синоптиктердің болжамынша, ертең өңірде күн күрт суытады.  

Г. Сейтенова