Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Түркістанда жекеменшік балабақша басшылары наразылық білдірді

AstanaTV
19.10.2021ж. 20:00
1576
Түркістанда жекеменшік балабақша басшылары наразылық білдірді

Түркістанда жүзден астам балабақшаның қызметкерлері, облыс әкімдігінің алдына жиналды. Олар мемлекет есебінен бала басына берілетін қаражаттың өзге аймақтармен салыстырғанда тым аз беріліп жатқанына наразы. Осының салдарынан мекеменің шығынын ақтай алмаймыз деп шуласты. Тіпті  жалақы да өсіре алмай отырмыз десті. Айтуларынша, биылғы қаңтардан бастап бала басына кемінде 42 мың теңгеден төленуі тиіс екен. Алайда қазіргі алып отырғандары 31 мың теңгеге де жетпейді. Наразы топ бұл жерде кәсіпкерлерден бөлек педагогтар мен балалардың да құқығы тапталып отыр деді. Заңға сәйкес қаңтардан бері 25 пайыздан екі рет қосылуы тиіс еңбек ақыны әлі өзгерте алмай отырғандарын алға тартты. Жиналғандар осы мәселемен шенділердің табалдырығын тоздырғанмен нәтиже шығар емес десті. Жағдай реттелмесе балабақшалардың дені жұмысын тоқтату қаупі барын айтады.

Ләззат УБАЙДАЕВА, БАЛАБАҚША ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Жолаевқа кіргем, 2021-дің февраль айында кіргем. Ол кісіге барғанда 2021-дің қыркүйек айында қаражат беріледі. Үстіндегі разницасын сол кезде береміз деді. Міне, қыркүйек те өтті, октябрь де өтті. Ешқандай себеп жоқ айтпайды бізге не себепті қаражат көтерілмейтіндігін. Қиналып жатырмыз.

Дилбар ХАБИБОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ БАЛАБАҚШАЛАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Біздің білікті мамандарымыз, тәрбиешілеріміз жұмыстан босап кетіп жатыр. Высший категория тәрбиешілеріміз базарға шығып істеп отыр. Парниктерге барып істеп жатыр. «Апай, біз бір күнде базарға шықсақ 10 мың теңге табамыз. 60-70 мың теңгемен біз қалай күн көреміз, қалай бала-шағамызды асыраймыз деп отыр.

Қауымдастық төрағайымының мәліметтерінше облыс бойынша 115 мың бала жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленеді екен. Онда 40 мың адам жұмыс істейді.  Соның 19 мыңнан астамы педагогтар. Наразы топты өңір атқамінерлері Конгресс холл ғимаратына кіргізіп, сөйлесті. Алайда әкімдік өкілдерінің жауабы көңілдерінен шыға қоймады. Өңір шенділері жағдайды аймақтағы бала санының көптігімен байланыстырып отыр.

Сәкен ҚАЛҚАМАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Білесіз бізге қаржы жеткіліксіз. Өйткені адам саны көп. Балабақша саны көп. Бұл мәселені жыл сайын біз көтеріп отырмыз. Сәл көтерді білесіз былтырдан  бастап бағасын. Енді сәл шыдай тұру керек. Күтеміз енді республикадан  шешімді.

А. Төребекқызы