Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

9-сынып оқушысының суицидке баруына пранк себеп болғаны ба?

AstanaTV
21.10.2021ж. 20:00
2598
9-сынып оқушысының суицидке баруына пранк себеп болғаны ба?

Ойыннан от шыққаны ма? Түркістан облысында  9-сынып оқушысы асылып қалған. Оған не себеп болды? Мектеп директоры бәрі балалар арасындағы пранктен басталған десе, ауыл тұрғындары ересек балалардың әлімжеттігі себеп деп отыр. Тараптардың пікірін әріптесім Айзада Төребекқызы тыңдап қайтты.

Түлкібас ауданына қарасты Састөбе ауылынан соңғы он күннен бері тыныштық кеткендей. 9-сыныптың  баласы суицид жасады деген хабардан соң мектептегілер де, ауыл халқы да байыз табар емес.  Сұмдық жағдай 11-қазан күні кешкісін болыпты. 15 жастағы Мейрман Әділбек әжесінің үйіндегі сарайда асулы күйінде табылған. Мектеп директорының айтуынша марқұм төрт күн қатарынан сабақта болмапты. Ауырып қалған көрінеді. Ал өз-өзіне қол салуына оқушылардың пранк жасауы түрткі болған деп санайды.

Гүлжан ӘМІРБЕКОВА, А.МАКАРЕНКО АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Баланың екі досы көрші сыныптас балалар звондайды қызға, баланың дос қызына, енді 8-сыныпта оқиды ол қызымыз. Дос қызына звонадйды осылай бала асылып қайтыс болды деп, жаңағы баланың атын айтқым келмей тұр ғой...қыз қорқып подъезден жүгіріп шығады. Подъезден шықса екі бала, қайтыс болған баламыз «алдадық біз сені» деп. ..осылай ойын ойнайды. Содан ойынның артынан осылай.


Желтоқсан айында 15 жасқа толатын Мейрман мектеп бітіргесін әуелі әскерге барамын деп жүретін деді сынып жетекшісі. Болған жәйт өзіне ауыр тигенін айтып көзіне жас алды. Мейрман отбасындағы үш перзенттің кенжесі. Әкесі қайтыс болған, анасы «бір Аллаға тапсырдым» деп қысқа қайырды. Ал Састөбе ауылының тұрғындары ересек балалар тарапынан ұлдарды ғана емес, кішкентай қыздарды да қорқытып ақша сұрайтындар барын жайып салды.

Зульфия ҚОСАЛИЕВА, САСТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Үшінші кластың да баласы басқа үшінші кластан ақша сұрағаны бар. Естіп қалдым. Енді шындықты айтқанда тұрған не бар қазір. шындықты айту керек. Мысалы мына қайтыс болған бала жөнінен айтатын болсақ өткенде көңіл айтқан кезде кіргенімізде үйге анасы өзі құдайшылығын айтты «сөйтіп 11 –ші кластың балалары вынудить етіпті, ұрыпты, соғыпты»,.. сөйтіп ана бала бір апта бойы үйінде жатқан ауырып.

Тамара КОНСКАЯ, САСТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Састөбеде тұру қорқынышты болып кетті. Біреуі асылып қалады, біреуін зорлап кетеді. Зейнет жасында болғасын көшеге басы артық шығуға да қорқатын болдық. Мектепте де ақша жинау тиылмайды еш. Сылтауы көп әйтеуір.

Марқұмның көршісі Фарида Әбжалиева да әлімжеттіктің барына сенімді. Қазан айының басында  кешкісін жоғары сыныптың балалары көршісінің ұлын қоршап тұрғанын көрген. Осындай сұмдықтың алдын алғысы келіп келіп мектеп директорына хабарласқан да екен.  

Фарида ӘБЖАЛИЕВА, САСТӨБЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Паркте жеті сегіз бала екенда, жаман сөздерді айтты да, сосын тоқтап тұрдым. Сөйткен ем бір кезде осы именно Мейрман бар екен ішінде. Бірақ мен Мейрманды ұрып жатқанын мен көрген жоқпын. Бірақ «ертеңге дейін ту...» деген сияқты әңгімені айтып тұр екенда. Әй, кімді туғызбақшысыңдар, келіңдер жабылып мені туғызыңдар деп мен айттым. Жоқ әпше, жүре беріңіз деді. Мейрманды қоршап тұрғандар оқушылар ма?-оқушы. Мектептің шамамен 10-11-дің оқушылары.


Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. «Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізіу бабымен іс тергелуде. Бұл жайт Түркістан облыстық Полиция департаментінің бақылауында. Ал аудандық білім бөлімінің басшылары толық ақпаратты тергеуден соң ғана береміз деп отыр.

А. Төребекқызы