$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Атырауда шаш жұлысқан қыздар оқудан шығып қалуы мүмкін

AstanaTV
25.10.2021ж. 20:00
3012
Атырауда шаш жұлысқан қыздар оқудан шығып қалуы мүмкін

Атырауда көшенің қақ ортасында шаш жұлысқан студент қыздардың әрекеті құқық қорғаушылардың назарына ілікті. Бірін-бірі аямай соққыға жыққандардың төбелесі әлеуметтік желіде тарады. Бұрымдылар өздерін айырмақ болғандарға әл берер емес.  

15 жастағы бұл қыздар - қаладағы Бизнес және құқық колледжінің І-ші курс студенттері. Осы оқиғадан соң оқу орны мұғалімдерінен маза қашқан.   «Қыздардан бұрын-соңды мұндай бейәдеп қылық байқамадық»,- дейді олар. Айтуларынша студент қыздың біріне группаластары жеке басына қатысты сұрақ  қойған. Онысы ұнамай қалса керек төбелес басталыпты. Ашулы топты колледждің кезекші мұғалімдері тоқтатыпты.

Назерке ҚОЖАБАЕВА, КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

Дәл қазіргі жағдайда біздің колледж тарапынан  бірнеше жиналыстар өткізілді. Ата-аналармен жиналыс өткізілді. Одан кейін жасөспірімдер ісіне тапсырылды. Дәл қазір сол кісілер айналысып жатыр жұмыстармен. Бізге соттың шешімі берілу керек. Одан кейін педагогикалық кеңестің шешімі болады.

Студенттердің оқуда қалу-қалмауы сот пен педагогикалық кеңестің шешіміне байланысты қабылданады,- дейді колледж басшылары. Қазір жасөспірімдердің әрекетін сот қарап жатыр.

Айша ТАЛАПКЕР, АТЫРАУ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

Үш жасөспірімнің ата-анасына қатысты ҚР Әкімімшілік Құқық Бұзушылық туралы Кодекстінің 435 бабы бойынша хаттама толтырылып, Атырау облыстық ауданаралық мамандандырылған кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотына жолданды.

Б. Надірқызы