$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Бар мәліметті Ресейге бере салу тәуелсіздігімізге сын емес пе? -депутат

AstanaTV
25.10.2021ж. 20:00
1499
Бар мәліметті Ресейге бере салу тәуелсіздігімізге сын емес пе? -депутат

"19 млн қазақстандықтың мәліметі бар электронды үкіметті Ресейге тұтастай бере салу тәуелсіздігімізге нұқсан келтірмей ме?" Жұртшылық арасында резонанс туғызған цифрлық даму министрлігі мен Ресейдің «Сбербанк» арасындағы   меморандум мәселесіне  бүгін депутаттар да шүйлікті. Ал бұған министр не дейді? "Сберге" қатысты тағы қандай мәселелер бар? Тілшіміз Бекболат Сатуов толықтырады.  

Депутат Қазыбек Иса министр Бағдат Мусиннің цифрлық платформа мәселесіне қатысты айтқанына  қанағаттанбайтынын айтты. БҰҰ рейтингісінде цифрландыру бойынша алдынғы орында тұрған Қазақстан неліктен Ресеймен бірігуі қажет деп сауалды төтесінен қойды.  

Қазыбек ИСА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "АҚ ЖОЛ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ол меморандумға кім қол қойды, үкіметтің төрағасы қойды. Яғни бізде барлығы меморандумнан басталады.Мынау дауыл тұру үшін алдымен жел тұрады деген секілді. Бұл аяқ жағы осыдан біз қауіптеніп қауіптеніп, халықтың шулап жатқаныда сол. Біз тіпті Ресейдің де алдындамыз. Ендеше, өзімізден кейін тұрған Ресейге 19 млн қазақстандықтың мәліметі бар электронды үкіметті тұтастай бере салу Тәуелсіздігімізге нұқсан емес пе?


Қызу талқыға түскен мәселеге министр Бағдат Мусин аспай-саспай жауап берді. Оның айтуынша, техникалық құжаттар дайын болғанша   келісімшартқа қол қойылмайды. Мәселе әлі зерделенеді дейді. Ал платформаны отандық компанияларға неліктен сеніп тапсырылмады деген сұраққа, министрдің жауабы мынадай.

Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Миллиардаған ақша керек. Біріншісі, иә база арзан.Өйткені олар жалпы тетіктерді, оған жету үшін олар 10 жыл 10мың программист жұмыс істейді дұрыс па? Бізде ондай компаниялар 10 мың программист компания жоқ. Ең ірі компаниялардың өзінде 300-400 айти мамандары бар шығар, бірақ олар бір жерде жұмыс істемейді.

Платформаны өзгертуге байланысты пікірлер әр түрлі.  Әлеуметтік желіде ол біраздан бері талқыланып жатыр. Саясаткер Уалихан Қайсар оған  түбегейлі қарсы. Өйткені 19 млн халықтың жеке деректерін өзге елге сеніп тапсыруға болмайды дейді ол. Сондықтан жауапты министрлік бұл райынан дер кезінде қайтқаны дұрыс деп санайды.   
 
Уалихан ҚАЙСАР, САЯСАТТАНУШЫ:

Мүлде қарсымын. Өзіміздің экономикамызды біреудің қолына беру деген ол үлкен-үлкен қауіп. Мысалы ертең Ресеймен наразы болып қалсақ, екі мемлекет арасында иә. Біздің экономикамызды бір сағаттың ішінде құлатып жібереді ғой. Әлі уақыт бар, бұдан бас тарту керек.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Ал министр, платформаны жасау, негізін сатып алу - тек бір ғана мәселе. Ал оны құрастыру, қажетті платформаны құру – ол біздің қолымызда дейді.  Бұл жұмысқа тек қазақстандық мамандар тартылатынын және бұл  ІТ-секторға серпіліс беретінін айтты.  Кім ашық кодтарды берсе, соларды қарастыруға дайын екендерін жеткізді.   Олардың технологиялық деңгейін зерделеу үшін сарапшылық кеңеспен бірігіп пысықтамақ. Сондай-ақ  Бағдат Мусин бұл  мәселені  депутаттар мен сарапшылардың қатысуымен  терең талқылауға дайын екенін айтты.

Б. Сатуов