Келер айдан бастап 12 жасқа толған балаларға коронавирусқа қарсы екпе егіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жеткіншектерге вакцина тек ата-аналарының рұқсатымен ғана салынады. Мамандардың айтуынша, қан ауруларына, сондай-ақ сал ауруына шалдыққан, Даун синдромы бар жасөспірімдерге де вакцина алуға болады. Қазір балаларға арналған коронавирусқа қарсы вакцина фармакологиялық сараптамадан өтіп жатыр.
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының аумағында Pfizer вакцинасы жоқ. Жеткізу алдын-ала қараша айының басына жоспарланған. Бұл вакцина келе салысымен, Үкіметтен ресми ақпарат және Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы шығады, біз де ресми түрде хабарлаймыз. Жүкті және бала емізетін әйелдерді Pfizer вакцинасымен ерікті түрде егуді жоспарлап отырмыз.12 жастан асқан балалар ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен ғана.
Әлеуметтік желіде жүкті әйелдерге екпе олардың келісімінсіз, мәжбүрлі түрде салынады деген ақпарат тарауда. Онда вакцинациялау 22- қарашада басталады делінген. Сондай-ақ, ол хабарламада аяғы ауыр әйелдердің барлығын жаппай егу жоспарланғанын және олардың екпеден бас тартуы қабылданбайтыны айтылған. Бұл ақпаратты денсаулық сақтау министрі жоққа шығарды. Себебі, жүкті келіншектерге вакцина салуға бола ма, жоқ па, ол әлі зерттелмеген.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Ресми ақпаратты өндірушінің өзінен сұраймыз, содан кейін ғана ол біздің иммундау комиссиясына жіберіліп, белгілі бір шешім қабылданады. Біз бұл ақпараттың неге негізделгені туралы барлық деректерді сұраймыз. Егер өндіруші нұсқаулықта оның осы санаттағы адамдар үшін қауіпсіз екенін көрсетсе, біз бұл мәселені қарастырамыз.
А. Базарбай