Ауғанстанда аштықтан қиналған халық тамақ үшін баласын сатуға мәжбүр. Жағдай келер айда тіпті ушығуы мүмкін дейді Біріккен Ұлттар Ұйымы. Тұрғындардың дені- жұмыссыз. Халық жаппай қырылмау үшін не істеу керек? Ауғанстанды алда не күтіп тұр? Тілшіміз Бекболат Сатуовтың репортажы.
Шұғыл шаралар қолданылмаса 23 млн адам азық-түлік тапшылығына тап болады. Оның 3-млн-нан астамы- 5 жасқа дейінгі сәби. Қазірдің өзінде көп балалы отбасылар, құндақтаулы сәбилерін саудалауға көшкен. Мәселен Герат маңында бір отбасы басқа балаларын тамақтандыру үшін, жаңа туған қызын 500 долларға сатқан. Бұл ақшамен отбасы небәрі бірнеше ай ғана өмір сүре алатын көрінеді.
АНАСЫ:
Менің басқа балаларым аштан өледі, сол үшін қызымызды сатуға мәжбүрміз. Қалай қайғырмаймын? Ол менің балам ғой.
ӘКЕСІ:
Біз ашпыз. Бізде ұн да, май да жоқ. Бізде ештеңе жоқ. Оның үстіне олар қызымызға жақсы қарайды.Бір жағы бұл әрекетімізбен сәбиіміздің өмірін сақтап қаламыз. Мен оның не сезінетінін білмеймін. Бірақ сатуға тура келеді.
Кабулда бір отбасының 8 баласы аштан өлген. Балалардың ең кішісі -1 жаста. Олардың ата-анасы болмаған. Бұл туралы экс Парламент мүшесі Мохаммад Мохакик өзінің фейзбук желісінде жазды. Расында да Ауғанстанда жағдай өте нашар дейді Түркістан облысының тұрғыны Сайд есімді азамат. Ол ауған жеріндегі туыстарымен күнде хабарласып отырғанын айтады.
Сайд НИЗАФИ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Жағдай жоқ. Адамдар аш. Амалсыздан балаларын аман алып қалу үшін, сабилерін сатып жатқандары да рас дейді.Өйткені алдымызда қыс бар. Бәрібір аштан өледі ғой. Одан да амандығы үшін сатып жатыр.
Ауғанстанда жағдай бұлай жалғаса берсе жұрт аштықтан қырылуы мүмкін. Бұған Біріккен ұлттар ұйымы да алаңдаушылық танытып отыр.
Ку ДОНГЮ, БҰҰ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖӘНЕ АУЫЛШАРУШЫЛЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Аязда елдің көп бөлігінде миллиондаған адам аштан қырылып қалмас үшін гуманитарлық көмекті тездету керек. Бұл өмір мен өлім мәселесі.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Қыркүйек пен қазан айындағы мәлімет бойынша, ауған халқының 19 млн-ға жуығы азық-түлік тапшылығына тап болған. Сондықтан халықаралық ұйымдар Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуді сұрап отыр. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы аясында 23 миллионға жуық адамға тұрақты көмек көрсету үшін айына 220 миллион доллар қажет дейді.
Б. Сатуов