Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Жануарларға қатыгездік жасағандар бірнеше жылға түрмеге қамалуы мүмкін

AstanaTV
27.10.2021ж. 20:00
1352
Жануарларға қатыгездік жасағандар бірнеше жылға түрмеге қамалуы мүмкін

Жануарларға қатыгездік жасағандар бірнеше жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Экология министрі ұсынған заң жобасын мәжілісмендер бірден мақұлдап жіберді. Құжатта ит-мысықтардың, кеміргіштердің өздері тұрмақ, тамағын да жеуге тыйым салынған. Осы орайда мұны кім бақылайды деген сұрақ туындайды. Арнайы мекемелердің жайы түсінікті. Ал, үйдегі жиіркенішті "асқа" кім тұсау салады. Оны Серікқали Брекешов те білмейді. Парламенттен шыққан жаңалықты мейрамханалар естіп тіпті шалқасынан түсті. Өйткені, иттің еті - корейлердің дәстүрлі тағамы. Заң қабылданса қоғамда наразылық тумай ма? Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

Итті көлікке байлап сүйреген оралықтардың әрекеті жұрттың жағасын ұстатты. Соңғы кездері мұндай қатыгез жағдайлар жиілеп кетті. Тіпті, тіршілік иесін жауыздықпен тірідей өртегендер де бар. Енді осындай әрекетке барғандар темір торға тоғытылады.

Серікқали БРЕКЕШОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:


Жасалған әрекеттері үшін 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, бір жылға дейін бас бостандығынан айыру, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға дейін айыру.

Кейбір жануарлардың құқығын қорғаушылар бұл жеткіліксіз дейді. Бірақ,  депутаттар заң қабылданса, шектен шыққан адамдарды жолға салатынына сенімді.

Азат ПЕРУАШЕВ - ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AQ JOL» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Шынымды айтсам, біз адам өлімінің соңына дейін зерттей алмаймыз. Тонау, азаматтарға қатысты заңсыз әрекеттер бойынша қаншама "шикілік" бар. Мен бұл мәселенің маңыздылығына күмән келтірмеймін. Десе де, мен үшін ең алдымен азаматтарымыздың құқығын қорғау бірінші орында тұру керек.

"Халық қалаулыларының" арасында заң жобасын жақтырмаған Азат Перуашев қана емес. Азамат Әбілдаев та осы жақта. Бірақ, ол мәжіліс басталғалы бір адамның баяндамасын тыңдап шаршады ма, әлде қалғып-мүлгіп отырды ма, экология министрінің атын білмей, депутаттарды күлкіге қарық қылды.

Жаңа заңдағы тағы бір өзекті мәселе- үй жануарларының етін жеуге тыйым салу. Экология министрінің құжатында бәрі "керемет" жазылған, бірақ оны қалай қадағалау керектігін ескермепті. Ит-мысыққа аллергиясы бар басшының бұл әрекеті әрине, таң қаларлық.

Серікқали БРЕКЕШОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Мұндай кәсіпке рұқсаты бар мейрамханаларда ол үшін ветеринарлық қызметтер бар шығар. Кез келген азық-түлікті сатып алу үшін етке ветеринарлық инспекцияның мөрі басылуы керек, оны қадағалау шарт. Үйдегі жағдайды бақылау жағын, білмеймін... Біз осы жерін қайтадан қарастырамыз.


Қоғамдық тамақтану қауымдастығын бұл норма тіпті тығырыққа тіреді.  Өйткені, Қазақстанда ит сорпасын сататын екі жүзге жуық мейрамхана бар. Ол- корейлердің ұлттық тағамы екені  белгілі. Вероника Нұрпейісованың айтуынша, жаңа заң бүкіл диаспораның ұлттық мүддесіне қауіп төндіріп тұр.

Вероника НҰРПЕЙІСОВА, ҚР ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

Бұл-қазаққа қой етін жеуді доғару деген сияқты. Корей этносымен кеңескен жөн: олар үшін бұл қаншалықты маңызды. Меніңше,  олар үшін мұндай тыйым болмауы керек.

Жаңа заңға сәйкес, үй жануарларының санын бақылау үшін чиптеу керек болады. Мұнымен ветеринарлық клиникалар айналысады. Ол жерде шығынға бататын әрине, иелері.

А. Данияр