Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Шаған ауылының тұрғындары шаруашылық жерін бөлісе алмай жүр

AstanaTV
28.10.2021ж. 20:00
3716
Шаған ауылының тұрғындары шаруашылық жерін бөлісе алмай жүр

Сырдария ауданындағы Шаған ауылында  шу шықты. Тұрғындардың  айтуынша, шаруа қожалық иесі халыққа  тиесілі жерді қайтармай отыр. Әне-міне деп жүргенімізге  2 жыл болды дейді.  Не жұмыс, не жер бермейді деп ашуланады.    Ал бұған  серіктестік басшылығы не дейді?  Әсел Дүкембаеваның репортажы.

Жиналған жұрттың талабы бір. Жерімізді алып, кәдеге асырсақ дейді олар. Бұл жер дауы 2 жыл бұрын халықтың пайдасына шешілген. Бірақ, серіктестік басшылығы жер телімдерін әлі қайтармай отырған көрінеді.

Кенжебек ҚАНИЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Өз жерімізге өзіміз соқа салсақ па деп талаптанып жатырмыз . Бүгін басталып жатқан мәселе емес қой. Бұның басталғанына биыл 2-ші жыл. Енді былтыр қыста қозғалып едік, егін бастап қойдық деді. Сонымен күттік. Кеше енді науқан бітті, бәрі егіндерін жинады.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, олар  шаруашылықтан  да қуылған. Ал елдімекенде мұнан басқа жұмыс көзі жоқ дейді. Енді олар қалай күн көреміз,  не жұмыс, не жер бермейді деп налиды.

Бақыт ӘБІЛҚАСЫМ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Мысалы 700 адамды босатып жіберу олардың да отбасылары бар бала-шағасы бар соның бәрін бұлар ойланып отырған жоқ. Бізге өзіміздің жерді былтыр айтқан, Қызылордаға да барғанда әкімшілік, прокуратурада айтқан, күзде келіп аласыңдар, күз келіп бітті, жаңа осының алдында айтылып кетті ғой, енді оның алдына қанша барып жатырмыз, жоқ.

Әкімдіктегілер  жердің  39 жылға  жалға алынған айтады.  Және ол қазір мақсатты пайдаланылып тұрғандықтан   қайтып ала алмайды.

Ғалымжан ЕРКЕБАЙ, СЫРДАРИЯ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:


2004 жылдан бастап үлескерлер ауыл тұрғынының тұратын үлескері қылып бөліп берген. Арендаға алғаннан кейін 39 жылға дейін өз мақсаты бойынша пайдаланып жатса, мемлекет тарапынан кірісіп, мына жерді пайдаланбай отырса, пайдаланбаған жағдайда мемлекет ала алады.

Ал «Шаған жер» ЖШС  өкілі "жерді біз бермей жатқан жоқпыз, егінді енді жинап біттік. Мәселені шешеміз" дейді.

Әбдіразақ СӘДУОВ, «ШАҒАН ЖЕР» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Жалпы жиналыс болады. Сол жиналыста халық жиналып бұл мәселенің шешімі шығады.

Серіктестік қазір қажетті құжаттарды түгендеп жатқан көрінеді. Барлығы заң аясында болуы тиіс дейді. 2 жылға ұласқан жер дауының нүктесі жақында қойылады.

Ә. Дүкембаева